Орталық Азия басшыларының кездесуі барлығына ыңғайлы форматты қалыптастырды - Жұмабек Сарабеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Орталық Азия басшыларының кездесуі тиімді әрі ыңғайлы форматты қалыптастыруға мүмкіндік берді. Осыдан кейін аймақтағы интеграция күшейеді деген болжам бар. Оған көрші елдердегі саяси-экономикалық өзгерістер де өз септігін тигізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы Жұмабек Сарабековтың айтуынша, ең бастысы Орталық Азия елдері кездесудің форматын айқындап алды.

«Аймақ басшылары 9 жылдан бері алғаш рет кездесіп отыр. Сондықтан барлық мәселелерді бір кездесудің аясында шешу мүмкін емес. Оны бәрі жақсы түсінеді. Ең бастысы, бәріне тиімді әрі ыңғайлы формат қалыптасты. Бейресми кездесу болса, да бірқатар келісімдерге қол қойылды. Аймақ басшылары қауіпсіздік кеңестерінің бірлескен жұмысын күшейтуге келісті. Негізі, бүгінде кездесудің форматтары көп қой. Халықаралық ұйымдар бар, АҚШ-тың «5+1» форматы тағы бар.  Бірақ оның бәрі сыртқы ойыншылардың қатысуымен өтеді. Бұл жолы Орталық Азия мемлекеттері тоғыз жылдан бері өз бетінше кездесті. Бұл - жақсы фактор, жақсы қадам», - деді Ж.Сарабеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшының айтуынша, кешегі кездесуге Түрікменстанның президенті келмесе де, Мәжіліс спикері мен өз ұлын жіберіп, Орталық Азия басшыларының кездесуіне үлкен мән беріп отырғанын көрсетті.

«Түрікменстан басшысы жұмыс кестесіне байланысты келе алмады. Дегенмен, кездесуге осы елдің жоғары деңгейдегі өкілдері қатысты. Мәжіліс спикері келді. Түрікменстан президентінің ұлы Сердар Бердымұхамедов та келді. Біздің Президентімізбен жеке кездесті. Сондықтан Түрікменстан Астанада өткен кездесуге бей-жай қарамайтынын көрсетті. Осыны өздерінің мәлімдемесі арқылы да жеткізді», - деп атап көрсетті Ж.Сарабеков.

Оның ойынша, Астанадағы кездесуден кейін Орталық Азиядағы интеграция үдерістері күшейе түседі. Оған аймақтағы қазіргі жағдай да қолайлы болып отыр. «Бұған дейін біз Орталық Азияның интеграциясын күшейтуге бірнеше рет тырыстық. Бірақ ол бастамалар сәтсіз болды. Оған объективті және субъективті факторлар себеп. Қазіргі кезде аймақта мүлдем басқа жағдай қалыптасып отыр. Өзбекстанның сыртқы саясаты мен экономикасында үлкен өзгерістер болып жатыр. Тәжікстанмен арадағы қарым-қатынасы да жақсарып келеді. Бұның барлығы Орталық Азиядағы интеграцияны жандандыра алады. Ал Астанадағы кездесу соның басы болса керек. Мемлекет басшылары жыл сайын тұрақты түрде кездесуге келісті. Себебі Орталық Азияның ішкі сауда-саттығын арттыру қажет. Инвестициялық байланыстарды күшейту керек», - дейді Ж.Сарабеков.  

Айта кетейік, кеше Астанада Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс кездесуі өтті. Кеңеске Қырғызстан Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Меджлисі төрайымы Акджа Нурбердыева ханым қатысты.  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Орталық Азия елдері басшыларының байланысы жандана түсті.  Кеңестің келесі кездесуі Ташкентте өтеді. 

Соңғы жаңалықтар