Орманшылардың айлығы 25 пайызға өседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орманшылардың айлығы 2019 жылдан бастап 25 пайызға өсіп, оларға қосымша тағы ақы төленетін болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ-да Қазақстанның биоәртүрлігі тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров мәлім етті.

«Орманшылардың айлығы мен тұрмысы біз үшін әлбетте ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі, статистиканың өзі дәлелдеп отырғандай, мөлшері ең төменгі айлық орман және балық шаруашылығының жұмысшыларына беріледі. Бүгінгі таңда орманшылар айына 30-40 мың теңге алып отыр. Ұлттық парктің директорының айлық жалақысы бар-жоғы 80 мың теңге ғана. Ал оның қарауында керек десеңіз, мыңдаған гектарлық аумақ бар», - дейді Қайрат Үстемірова.

Комитет төрағасы аталған мәселені шешу жолын атап өтті.

«Осы себепті, біз ең бірінші кезекте биылғы жылдың шілде айында қабылданған заңның аясында 2019 жылдан бастап ұлттық парк пен ормандарды қорғау мекемелері қызметкерлерінің айлығын 25 пайызға өсіргелі отырмыз. Сонымен бірге, заң аясында айлыққа қосымша ақы қосу ережесін енгіземіз. Жалпы, бұл қосымша ақы да айлықты 40 пайызға арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Қайрат Үстеміров.

Соңғы жаңалықтар