Оралдың «Грация-KZ» командасы халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдың «Грация-KZ» командасы Оңтүстік Қазақстан облысы «Сарыағаш» курорттық кешені аумағындағы «Ақбұлақ» шипажайында 2002-2003 жылғы қыздар арасында волейболдан өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Команданың бас бапкері Көлеңке Ғұбашевтің айтуынша, аталмыш жарысқа Хорезм, Ферғана (Өзбекстан), Ош (Қырғызстан), Өскемен, Талдықорған, Шымкент, Орал және Сарыағаштан командалар қатысып, бақ сынады.

Төрт команда іріктеліп шыққан финалда оралдықтар «Жетісуға» (Талдықорған) ғана 2:3 есебімен есе жіберді. Дегенмен бұдан қорытынды шығара білген «Грация-KZ» командасы Өскеменнің «Алтайын», соңғы күні алаң иелерін 3:0 есебімен тізе бүктірді, сөйтіп турнир кубогын иеленді. «Батысқазақстандықтар доп беруде жиі қателесіп, бізден жеңіліп қалғанымен, турнирдің үздік командасы екендігін дәлелдей білді. Біздер оңтүстікқазақстандықтардан ұтылғаннан кейін «Грация-KZ» алаң иелерін жеңсе, жарыс жеңімпазы атанатын еді. Олар шебер ойын өрнегін көрсетіп, бұл мүмкіндіктерін толығымен пайдалана білді. Жалпы, осыған дейін Қазақстан ұлттық құрамасына Сана Жарлығасова (қазір Анарқұлова), Зарина Ситқазынова, Айнагүл Айжарықова сынды ойыншыларды дайындай білген оралдық командадан бұдан кейін де ел намысын қорғайтын мықты волейболшылар шығатынына сенемін», деді «Жетісу» командасының бапкері, спорт шебері Екатерина Заречная.

Айта кетейік, жуырда «Грация-KZ» командасы волейболдан 2005-2006 жылғы қыздар арасында Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанған болатын. 

Соңғы жаңалықтар