Оралдықтар театр тарланы Жамбылбек Есенбековті еске алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қазақ драма театрында белгілі режиссер, өнер тарланы Жамбылбек Есенбековті еске алу кеші болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шара барысында кезінде Жамбылбек Есенбековпен қатар жүріп, қызметтес болған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сердеш Қажымұратов, сондай-ақ театр директоры Қуаныш Амандықов, домбырашы Едіге Нәбиев, айтыскер ақын, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, театр ардагері Құжырғали Төлеуішев жылы лебіздерін білдірді.

Кешке театр майталманының зайыбы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жанындағы «Шаңырақ» студенттік театрының режиссері Айсәуле Есенбекова арнайы қатысып, шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын жеткізді.

Ж.Есенбековтің шәкірті, БҚО театрының режиссері әрі актері Самал Әбуовтың айтуынша, Оралда қазақ драма театры ашылған 1993 жылы Жамбылбек Игілікұлы осындағы Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институтында дәріс те берген.  Үстіне қара костюм, ақ көйлек киіп, қызыл галстук таққан дөңгелек жүзді, өте салмақты жан еді. Студенттерінің сауалдарына жауап беріп, еркін әңгімелесетін.

Жамбылбек Есенбеков - қазақтың әйгілі батыры Есет Көкіұлының ұрпағы. Руы - Жетіру Тама. 1941 жылдың 10 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданы, Жамбыл атындағы кеңшарда дүниеге келген. Жан жары Айсәуле Әбдешқызының сөзіне қарағанда, оның Жамбылбек аталуының сыры бар. Сәби дүниеге келгенде, анасы Шолпан «Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев атамыздай дарынды болсын» деген ниетпен Жамбыл деп қойғысы келген екен. Сонда әкесі Игілік «Жамбыл деген - ұлы адам, дара тұлғаның есімі ғой, Жамбыл атаның рухы қолдап, желеп-жебеп жүрсін, есімін Жамбылбек қойғанымыз дұрыс болар» деп ақыл қосыпты.

Бала кезінен өнер адамы болуды армандаған Жамбылбек Есенбеков 1967 жылы А.Островский атындағы Ташкент көркем театр институтына түскен. Бұл білім ордасында ұлағатты ұстазы Гладковтан тәлім алып, кәсіби драма режиссері бөлімін бітірді. Дипломдық жұмысын қорғағаннан кейін Атырау қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында алғашқы еңбек жолын бірден бас режиссер болып бастады. Өнер ордасында еңбек етіп жүргенде білімін жетілдіру туралы арманы ойынан шықпай қойды. 1970 жылы Мәскеудегі көркем академиялық театрға оқуға түсіп, Кеңес Одағы және Ресейдің театр режиссері, актер, педагог Олег Ефремовтен екі жыл дәріс алды. Мәскеудегі театрлардың қойылымдарын көріп, әйгілі режисссерлармен кездесіп, тәжірибе жинақтады. Білікті маман елге оралған кезінде Торғай театрының негізін қалады. 1972 жылдың 24 желтоқсанында Арқалық қаласында театр шымылдығы тұңғыш рет Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылды. Жамбылбек Есенбеков үнемі ізденісте жүретін жан еді. Ол 1999 жылы қойған Р.Мұқанованың «Қыз жылаған» трагедиясы үшін Қарағанды қаласында өткен дәстүрлі жетінші республикалық театрлар фестивалінде лауреат атанып, үздік режиссер ретінде бағаланды.
Шығармашылық адамы әдетте бір орында ұзақ тұрақтағанды қаламайтыны белгілі. Ол бірнеше театрда қызмет етті. 1993 жылы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының шақыруымен келіп, 16 желтоқсанда өнер шаңырағының шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен ашты. Орал театрынан кейін Жамбылбек Есенбеков өзге де театрлардың тұсауын кесті. 2000 жылдың 14 қыркүйегінде Қостанай облыстық қазақ драма театрының шымылдығы Ә.Кекілбаев пен С.Жүнісовтың пьесасы бойынша қойылған «Абылай хан» қойылымымен ашылды. Оның ашылуына Елбасымыз қатысып, жаңа театрға ақ жол тіледі.
Осылайша, үш театрдың ашылуына үлес қосқан режиссер, Қостанай облысы меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының иегері Жамбылбек Игілікұлы 2007 жылы маусым айының 10 жұлдызында дүниеден озды. Жамбылбек Игілікұлы қойған классикалық қойылымдардың бір шоғыры: М.Әуезовтің "Қарагөз" трагедиясы, «Айман-Шолпан» драмалық комедиясы, «Қара қыпшақ Қобыланды», Ш.Айтматов "Жанпида", ,«Бетпе бет»," «Арманым - Әселім", Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», Н.Гогольдың «Ревизор», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» драмасы, Б.Майлиннің "Жалбыр", Х.Ерғалиевтың «Құрманғазы» қойылымдары ұлттық театрларымыздың репертуарына зор үлес қосты.

«Жамбылбек аға кенеттен өмірден өтті. Бірақ, туған жерінің топырағы бұйырыпты. Қостанай театрында еңбек етіп жүріп, жолаушылап Жетісайға барғанда, қайтыс болды. Жəкең адами қасиеті өте мол, аңқылдаған ақкөңіл жан еді. Қасына кілең жақсыларды жинайтын, жаны жомарт азамат-ты. "Өзі жақсыға бір кісілік орын қашан да табылады" дегендей. Жамбылбек аға қай жерде жүрсе де, өз орнын табатын, кез келген адаммен лезде тіл табысып, шүйіркелесіп кететін. Жүрген жері думан, ойын-сауық, жан-жағына нұр шашып жүретін. Мінезі жайдары, аузын ашса, көмекейі көрінетін жігіттің сұлтаны еді. Бойына біткен өнері де бір басына жетерлік-ті. Жалпы, Жамбылбек аға қазақ театр өнері үшін қомақты үлес қосып, кез келген театрды өрге сүйреген айтулы тұлғаларымыздың бірі. Бірақ атаққұмар емес-ті. Сонысынан да шығар, дәрежесі өзінен төмен пысықайлар алып жатқан атақ та бұйырмапты. Ол кісі кез келген адамға əрдайым қол үшін беруге даяр-ды. Бұл енді Жəкеңнің бойына Алланың берген үлкен бір сыйы еді. Сол мінезімен, имандылығымен оқшау көрініп, өзгеден оқ бойы алда тұрды. Ол кісі талай театрда еңбек етіп, көптеген шығармаларды жүзеге асырды. Бірнеше аламан бəйгеде маңдайы жарқырап, қанжығасы майланып, жүлде де алды. Бірақ көкірек керіп дандайсып, кеудесіне нан піскен жоқ. Үнемі салмақты, сабырлы қалпынан жазбай, еңбек етті. Торғай, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Орал, Қостанай және басқа театрларда қолтаңбасы қалды. Біз Жəкеңмен туған ағалы-інілі жандардай аралас-құралас, сыйлас болдық. Қарағандыда еңбек еткен жылдары талай игі мəдени шаралардың басы-қасында болып, көптеген қыруар жұмыстар атқарды. Шаршап-шалдығуды білмейтін, тынымсыз еңбекқор жан-ды. Өзі сценарий жазып, оны жүзеге асырып, қоятын. Көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, ел ағасы болды. Сəкен театрында талай-талай қомақты дүниелерді сахналап, театр еңсесінің көтеріліп, абыройының асқақтауына мол еңбек сіңірді. Үкілі домбырасын қолына алып, жүзінен нұр шашып, күлімсіреп отырып, əуелете əн салатын. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жақсы бір бастама көтеріп, айтулы өнер тарланы, абыз ағамыз Жамбылбек Есенбековті еске алу кешін өткізді. "Өлі риза болмай тірі байымайды" дегендей, алдағы уақытта осы бастаманы Жамбылбек аға бұрын еңбек еткен Атырау, Жезқазған (бұрынғы Арқалық театры), Қарағанды, Қостанай және басқа театрлар іліп əкетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Неге Жамбылбек Есенбеков атындағы аймақтық, республикалық театр фестивалін өткізбеске?», деді Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының режиссері Сламбек Жұмағали.

Айта кетейік, алдағы жылы БҚО театрының ашылғанына ширек ғасыр толады.

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар