Оралдықтар дәрігерге онлайн жазылып, үйге шақыра алады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 23 медицина мекемесі қағазсыз жұмыс жасауға көшті. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстық клиникалық ауруханасының жұмысымен танысқан кезде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес салада цифрландыру жүйесі енгізілуде. Бұл тұрғындарға медициналық қызмет сапасын арттырып, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге әсер етуде. Емделуші туралы барлық мәлімет ортақ базада тұрғандықтан, кез келген деректі қажет болған кезде таба алады. Бірінші жартыжылдықтың аяғына қарай өңірде денсаулық сақтау саласында цифрландыруды толық бітіру көзделуде. Қазір бұл жөнінен БҚО елімізде алда келеді. Жуырда мобильді қосымша іске қосылып, медициналық көмектің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталмақ. Сондай-ақ тұрғындар  электронды құжаты арқылы дәрігерге онлайн жазылып, қажет болса, үйге шақыра алады.

Қазіргі уақытта облыстық аурухананың қабылдау бөлімшесі де триаж жүйесі бойынша жұмыс жасауда. Мұнда келген адамның жеке куәлігі арқылы базадағы мәліметтерден оның барлық дерегі көрініп тұрады. Мұның бәрі науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Аурухананың сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, білікті дәрігер Асылбек Бақаев өңір басшысына магниттік-резонанстық томография аппаратының 2007 жылы алынғандығын, сондықтан әбден тозғандығын жеткізді. Осылайша батысқазақстандық тұрғындар өзге қалаларда тексерілуге мәжбүр болуда. Облыс әкімі бұл ретте жаңа аппараттың мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алдағы шілде айында алынатынын атап өтті.

Облыстық аурухана директоры Арман Байдеуовтің сөзіне қарағанда, сондай-ақ лизингке офтальмологиялық УЗИ, литотриптер (урологиялық аурулар) аппараттары сатып алынбақшы. 

Соңғы жаңалықтар