Оралдық жауынгер «Жыл патриоты» атанды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен Қазақстан патриоттары форумында батысқазақстандық Қуаныш Сайлауов та марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлім қызметкері, қатардағы жауынгер Қуаныш Сайлауов «Туған жерім - ғұмырым» аталымы бойынша жыл патриоты атанды.

Әскери бөлімде 2014 жылдан бері қызмет ететін Қуаныш Сайлауов биылғы 10 мамырда ерлігімен көзге түскен-ді. Сол күні бетперде киіп, мотоцикл мінген қарулы екі адам Александр Федин деген азаматқа шабуыл жасап, қомақты ақшасы бар сөмкесін тартып алмақ болады. Осы кезде дүкенде жүрген Қуаныш айқай-шуды естіп, сыртқа жүгіріп шығып, Александрмен бірге кісі тонаушыларға тойтарыс береді. Қарақшылардың ойы іске аспай, қашып кетеді.

Қуаныш Қанатұлының батыл әрекеті туралы Александр Фединнің полк командирінің атына алғыс айтып, жазған хатынан кейін белгілі болады.

«Мен мұны ерлік деп санамаймын. Ұлттық ұланның барлық жауынгері азаматтарға көмек көрсетуі керек деп білемін. Себебі бұл - біздің тікелей міндетіміз. Сол оқиғадан кейін мені Астана төріне алдыртып, таңдаулы азаматтармен қатар марапаттайды деп ойламап едім. Менің қызметіме оң баға берген Ұлттық ұлан басшылығына, «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиевке алғысымды білдіремін, - деді Қуаныш Сайлауов.

Соңғы жаңалықтар