Оралдан басталған «Ашық алаң - 2050» жобасы басқа облыстарда да жалғасады - Манкеев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Біздің мақсатымыз - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында пікір алмасатын ашық алаң құру. Бұл туралы бүгін Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында өткен «Рухани жаңғыру - келешектің кепілі» атты шарада «Қазақстан - 2050» қозғалысы» кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Мұхтар Манкеев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, заманауи коммуникациялық құралдар арқылы, қоғаммен біріге отырып, түрлі буын өкілдерінің ойын   білу арқылы жаңа жобалар іздестірілетін болады. «Тізімге кірмей қалған маңызды жобалар болса, солармен жұмыс жасап, нәтижесін көруге ұмтылу керек. Елбасымыз Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылуын мақсат етіп қойғаны белгілі. Сондықтан бұл биік межеге жету үшін тек мемлекеттік ұйымдар ғана емес, бүкіл қоғам мүшелері бірігіп жұмыстануы керек. Осыған орай елдің пікірін, ұсынысын тыңдауға келдік. «Туған жер», «100 жаңа есім», «Ұлттық код» және басқа бағыттар бойынша тың жобалар болса, бірге талқыға саламыз. Орал қаласынан бастау алған «Ашық алаң - 2050» жобасы басқа облыстарда да жалғасын таппақ. Кейін барлық жұмыс қорытындыланып, халықтың ұсыныс-пікірлері негізінде нақты жобалар жасалатын болады», деді М.Манкеев.

Шараға Батыс Қазақстан облысындағы «Аялаған алақан» қоғамдық қорының жетекшісі Рада Хайрушева, Астана қаласы азаматтық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Тимур Ілиясов қатысып, қоғамның рухани жаңғыруы бағытындағы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ өңір ардагерлері жаңа бастамаға сәттілік тілесе, жастар өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салды.

Еркін форматта өткен мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Соңғы жаңалықтар