Оралда жылу жүйесі мен автобус паркін жаңғыртуға 7 млрд. теңге бөлінеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы «Жайықжылуқуат» АҚ Орал жылу-қуат орталығының жылыту жүйесін жаңғыртуға және болашақта облыс орталығындағы автобус паркін жаңартуға 7 млрд. теңге тарту көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, аталмыш банк жеңілдікпен несие бермекші.

Сонымен қатар инвестиция тарту мақсатында басқа да жұмыстар атқарылады. Мысалы, «Lammin» фин компаниясымен құрылыс индустриясы, швейцариялық «АВВ» компаниясымен электр жабдықтарын өндіру, ирандық «Falizan» компаниясымен мұнайхимия саласында құрылған бірлескен кәсіпорындар жоғары технологияға негізделген өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.

Елбасының бизнес ортаны кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде нақты жұмыстар атқарылуда. Айталық, облыста шағын бизнесте 100 мыңдай адам немесе экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі еңбек етуде. Мемлекеттік бюджетке барлық түсімнің бестен бір бөлігі (53 млрд. теңге) шағын және бизнестен түседі. Шағын және орта бизнестің үлесі 11 млрд. теңгеге көбейді, бұл қарқын алдағы уақытта да төмендемейді.

«Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен жеке бизнесті 4,5 млрд. теңге көлемінде қолдау көзделуде. Қазірдің өзінде жүзеге асырылуға дайын 1 млрд. астам теңгені құрайтын 115 жоба бар», - деді өңір басшысы. 

Соңғы жаңалықтар