Оралда жергілікті үлесті арттыру бағытында келісімдерге қол қойылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы мен «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ бірлесіп өткізген жергілікті қамтуды дамыту тақырыбына арналған форумда Батыс Қазақстан облысында мұнай-газ кіші кластерінің дамуы, жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйеқұраушы кәсіпорындардың сатып алуларында жергілікті үлесті көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

null
Алпысқа жуық отандық кәсіпорын өкілдері қатысқан жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өндіріс ошақтары шоғырланған өңірге шетелдік инвесторлардың көптеп келетіні белгілі. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес экономиканы технологиялық жағынан жедел жаңғырту бағытында индустрияландыруды өрге бастырып, барлық салада бәсекеге қабілетті өнім өндірудің маңызы зор. Мұнай-газ кешенінің өңір экономикасындағы жетекші орнын ескере отырып, бұл саланы сапалы тауар, жұмыс және қызметпен қамти білу керек. Қазіргі заманғы құрал-жабдықтар орнатылған, білікті мамандары бар компаниялар облыста жоқ емес, бар. Сондықтан мұндай кездесулер «ҚПО б.в.» компаниясының жүргізіп отырған жұмысынан, жаңа жобалары мен талаптарынан отандық өнім өндірушілерді алдын ала хабардар етеді. 
null

ҚР энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов Елбасының ірі кәсіпорындарда жергілікті қатысу деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасы ең алдымен жер қойнауын пайдаланушыларға бағытталғанын жеткізді. Бұл ретте отандық компаниялар озық технологияларды енгізіп, бәсекеге қабілетті тауар өндіру мен қызмет көрсетуді игере білуі тиіс.

«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли Қарашығанақ кенішін игерудегі ағымдағы жұмыстар, сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілерді қолдау бағытындағы бастамалар жөнінде әңгімеледі. Қазіргі кезде компания жергілікті кәсіпорындарды күрделірек жұмыстарға тартуға бағыт ұстануда. Жыл басында «ҚПО б.в.» бірнеше тендерді аяқтаса, онда шетелдік және қазақстандық мұнай компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру талап етілді. Соның нәтижесінде технолгиялық жағынан күрделі бұрғылау жұмыстарын жүргізетін үш бірлескен кәсіпорын құрылып, тиісті келісімдер жасалды.
null

Форумда сондай-ақ «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Балтаев, «Қазсервис» мұнай-сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов, «ҚПО б.в.» компаниясының өкілдері Батыс Қазақстан облысында индустриялық аймақ пен машина жасау кіші кластерінің дамуына байланысты жаңа мүмкіндіктер, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті үлесті дамыту жолдарына тоқталды. Қарашығанақ кенішін кеңейту жобасын жүзеге асыруда алдағы уақытты осы мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажеттігі айтылды.
null

Жиын соңында жергілікті қамтуды дамытуға ықпал ететін «ҚПО б.в.» компаниясы, БҚО әкімдігі, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және облыстық мұнай-газ кіші кластерінің қатысушылары арасында тиімді қарым-қатынасты қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар облыстық әкімдік пен «ҚПО б.в.» компаниясы арасындағы жергілікті қамту бойынша мақсатты көрсеткіштерді анықтауға орай өзаратүсіністік туралы келісімге қол қойылды.

 

 

Соңғы жаңалықтар