Оралда желтоқсаншылар естелік медальдармен марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесіп, оларға «Желтоқсан - ел есінде» атты естелік медальдарын табыс етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Онда Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, 1986 жылғы желтоқсан айында Алматыда қазақ жастарының Коммунистік партия мен Кеңес өкіметінің ұрдажық саясатына ашық қарсылық білдіруі бұрынғы одақты ғана емес, күллі әлемді дүр сілкіндірді. Бұл көтеріліс кейін басқа кеңестік республикаларда жалғасын тауып, ақыры Кеңес одағының ыдырауына әкеліп соқтырды. Сөйтіп ата-бабаларымыздың талай ғасырға созылған азаттық үшін күресі Желтоқсан оқиғасына, одан 1991 жылғы тәуелсіздікке ұласты. Сондай шешуші сәтте қанын да, жанын да аямаған Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың дені қазіргі таңда ұлы мәртебелі тәуелсіздігімізді нығайтып, еліміздің одан әрі өркендеуіне өз үлестерін қосуда.


Марапатталғандар арасында облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Зұлқожа Бақтығұл, прокуратура ардагері Ғалымжан Жанқадамов, облыстық радионың аға редакторы Әуес Орынаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Нұржан Сертеков, «Теміржолсу-Ақтөбе» ЖШС қызметкері Шоқан Машанов және басқалар болды.

Айта кетейік, осындай жиындар облыс аудандарында да өтіп, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға құрмет көрсетілуде.

Соңғы жаңалықтар