Оралда жазушы Мира Шүйіншәлиеваның шығармашылық кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Мира Шүйіншәлиеваның «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен М.Шүйіншәлиева мен кеш қонақтарын облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, құрмет көрсетті.

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының фойесінде қаламгердің бесінші кітабы - «Ар азабы» жинағы көпшілікке таныстырылып, оқырман қауымға жол тартты.

Сахнадан Мира Хамзақызының «Шүберек қуыршақ», «Үш төмпешік», «Қауырсын гүл», «Өкініш», «Тұяқ», «Тақсырет» және «Ар азабы» атты туындыларынан үзінділер оқылып, театрландырылған көріністер қойылды.

БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңір басшысының атынан Мира Шүйіншәлиеваға шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді.

«Мираның алғашқы әңгімелеріне ақ жол тілеп, әсіресе, «Ар азабы» кітабын толық оқып шыққаннан кейін оның өсу үстінде екеніне көзім жетті. Содан бері бес кітап жазып тастапты. Бұл аз еңбек емес. Енді сол биіктен төмендемеу - міндет. Проза жазу оңай емес, драматургия одан да қиын. Мысалы, Мәскеуде он мың жазушы болса, соның оны ғана драматург. Бір қарағанда, пьеса жазу оңай көрінгенімен, мүлде олай емес. Қазақта драматургия аз. Осы орайда Мираның екі пьесасы спектакль қоюға сұранып-ақ тұр. Ал «Сіңлімнің сүйгені» повесінде әйелдердің образы шебер бейнеленген.  Жалпы, жазушы қазіргі заман кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіліп, қайнап тұрған өмір қалтарыстарын суреттей біледі», деді кешке арнайы келген белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков. 

«Орыс жазушысы Юрий Трифоновтың «Жас жазушыға ақыл айтпа, оның шығармаларының шығып кетуіне көмектес» деген сөзі бар. Сол сөзді үлгі ете отырып, кезінде әдебиетіміздің ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов, классик жазушымыз Дулат Исабеков үшеуміз Мираның тырнақалды туындысын республикалық журналға жариялағанбыз. Сол кезде қателеспеген екенбіз. Мира қазір қабырғалы қаламгерге айналды. Тіпті оны Қазақстанның батыс аймағындағы қыздар арасынан шығып отырған жалғыз жазушымыз деуге болады», деді жазушы-баспагер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов. М.Құлкенов Мира Шүйіншәлиеваға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің атынан құттықтау хатты табыс етті.

Кеште сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан және Атырау облыстық бөлімшелерінің басшылары, ақындар Ақұштап Бақтыгереева мен Қойшығұл Жылқышиев, М.Шүйіншәлиеваның шығармаларын зерттеп жүрген М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орда ізгі тілек-ниеттерін білдірді.

Шығармашылық кеш барысында М.Шүйіншәлиеваның сөздеріне жазылған әндер орындалды. Кеш иесі де өз өлеңдерін оқып берді. 

Соңғы жаңалықтар