Оралда жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлымен кездесу кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұхамбетқалиұлымен «Сырымды қайта тірілткен...» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атақты шешен, би, батыр Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Қажығали Мұхамбетқалиұлының жазушылық еңбегін атап өтті. Басқа шығармаларын былай қойғанда, ол Сырым батыр туралы «Тар кезең» романын жиырма жылдай уақыт бойы ізденіп, 2012 жылы жарыққа шығарған болатын. Кейін осы кесек туындысы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Облыс басшысы биыл 75 жастың биігіне шығып отырған қаламгерге өңір жұртшылығы атынан алғысын айтып, иығына шапан жапты.



Кеш барысында тарихи тақырыптарға қалам тартып жүрген тағы бір жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай жасы кіші болса да, өзі дос тұтқан Қажығали Мұхамбетқалиұлы туралы жылы лебізін білдірді.

Қажығали Мұхамбетқалиұлы Сырым Датұлындай тарихи тұлғаны жазу арқылы сол тар кезеңді, қазақ халқының өмірін, оның азаттық үшін күресін бейнелеуді мақсат тұтқанын айтып, оқырмандар сауалдарына орнықты жауап берді. «Сырым Датұлы - бостандық жолындағы ұлы күрестің бастауында тұрған айтулы тұлғалардың бірі. Егер оның халқы үшін жасаған еңбегі мен ерлігін, көсемдігі мен шешендігін елге таныта білсек, соның өзі - үлкен бақыт», деді қаламгер. 


Соңғы жаңалықтар