Оралда «Туған жер - тұнған тарих» атты форум өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде «Туған жер - тұнған тарих» атты жерлестер форумы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара тарихи Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқан, өңірге танымал тұлғалармен кездесуге арналды.

null 

«КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, академик Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, 1993 жылы ашылған шағын «Андас» оқу орталығы бүгінде құрамында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, республикалық жоғары техникалық колледж, экономика және ақпараттық технологиялар колледжі бар іргелі оқу орнына айналды. Осы оқу орындарында Бөкей ордасы ауданынан келіп, білім алып жатқан жастар аз емес. Сондықтан олардың аға буын өкілдерімен кездесіп, ғибратты сөздерін тыңдауының мән-маңызы зор. Айта кететін жайт, қазіргі кезде «КазИИТУ» кешені ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 300 млн теңгеге бағаланған «Цифрлы университет» жобасын жүзеге асыруда.

null 

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев ауыл-аймақта атқарылып жатқан істерге тоқталды. Бөкей, Жәңгір хандардың, Исатай мен Махамбет, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтектердің ізі қалған ауданнан 3 Кеңес Одағының Батыры, 25 Социалистік Еңбек Ері, 1 Халық қаһарманы, көптеген ғалымдар, мемлекет, қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар шыққаны мәлім. Тағылымды істерді олардың бүгінгі ұрпақтары жалғастыруда. Алдағы уақытта аудандық жерлестер форумын, тарихшылар слетін, «Шеберлер ауылы» фестивалін, ауданға қатысты энциклопедия шығару жоспарлануда. «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 2018 жылы 16 млн теңгеге 20 жоба жүзеге асырылатын болады.

null 

Кездесуде сондай-ақ еңбек ардагерлері, Бөкей ордасы ауданында басшылық қызметтер атқарған Нұрлыбек Бірманов, Сәния Хамзина, Мұқас Спандияров жастарға тілектерін арнады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Ғайсағали Сейтақ, прозашы Мира Шүйіншәлиева лебіздерін өлеңмен жеткізді. «Бөкей ордасынан шыққан тарихи тұлғалар аз емес. Соның ішінде Еділ мен Жайықтың арасына елді көшіріп, қазақ халқына мәңгілік қоныс сыйлаған Бөкей ханның орны ерекше. Әйтсе де әлі күнге дейін сол Бөкейге құрмет көрсетілмей келеді. Бөкей ордасы ауданы ретінде аталғаны болмаса, ауылға не мектептерге аты берілген жоқ. Астанада Бөкей ханның ескерткіші асқақтап тұрса деп армандаймыз. Сол секілді қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына бес жылдан кейін 100 жыл толады. Сондықтан елордада Мәншүктің де еңселі ескерткіші тұрғаны дұрыс», деді бұрын Бөкей ордасы ауданын басқарған Лавр Хайретдинов.

null 

Форум соңында «КазИИТУ» ғылыми-білім кешені мен Бөкей ордасы ауданы әкімдігі арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

null 

Соңғы жаңалықтар