Оралда төбелесіп жатқандарды айырған әжеге құрмет көрсетілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше сағат 12.30 шамасында Циолковский көшесі аялдамасы, «Жайық» базары маңында жастардың топ болып төбелесуі орын алды. Осы оқиға кезінде жастарды айырған 1942 жылғы зейнеткер Бақтылы Әжмағамбетоваға бүгін құрмет көрсетілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин жасы 75-тен асса да, қоғамдық тәртіпті сақтауда белсенділік танытқан зейнеткерге гүл шоғы мен бағалы  сыйлық табыс етті. Енді оған ақшалай сыйлық та берілетін болады.

«Оны сол айналадағы жұрт Клава әжей деп атайды екен. Өмір бойы тынбай еңбек еткен, комбайн айдаған, содан кейін қаладағы ет комбинатында жұмыс жасаған. Сол күні базардан қайтып келе жатқан кезде төбелесіп жатқан жастарды көріп, араша түскен. Олардың біреуінің қолында кірпіш болған. Біреуі құлаған кезде бәрі жабылып, тебе бастаған. Әжей өзі құлап қалса да, қайта тұрып, айырудан танбаған. Мұны әлеуметтік желі арқылы тараған бейнероликтен көруге болады. Ал осы кезде төбелесіп жатқандарды көріп, еш әрекетке бармаған ер адамдар да болған. Оның қасында жасы ұлғайған ананың бұл ісі үлгі етуге тұрарлық. Егер ол кісі айырмағанда, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Ғабдуллин.

Айта кетейік, осы төбелеске байланысты үш күдікті уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 293-бабы 2-бөліміне сәйкес (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Соңғы жаңалықтар