Оралда тар жолмен тайғақ кешкен үш абысынның ғұмыры туралы кітап шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында елге танымал ақын-ұстаз, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты жаңа кітабы таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұрын Дариға Мұштанованы республика жұртшылығы айтыскер ақын ретінде жақсы білетін. Одан кейін әр жылдары «Адамның жаны - бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қос қанат» атты жыр кітаптары жарыққа шығып, жазба ақындығымен танылды. Бұл жолы автор «Аңыз болған абысындарды» қара сөзбен жазған.



Қасиетті Нарын құмында өмір сүрген, қазақ жері полигонға айналғаннан кейін тағдырдың айдауымен Қазталов ауданы Қараоба ауылына қоныс тепкен Сақыпжамал, Ділдә, Сақып сынды үш абысынның аңызға бергісіз өмірі көркем тілмен өрілген кітапта. Өткен ғасырдағы аштықты, қуғын-сүргінді, соғыс салған ауыртпалықты белшесінен кеше жүріп, ұрпағын аман сақтап қалған үш ананың тағдыры айтылған. Небір «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» бастан кешірген халықтың бір азапты кезеңі суреттелген. Мұнда өмір үшін арпалыс, үлкеннің алдынан кесе өтпеу, абысындар арасындағы керемет сыйластық, өрлік пен батырлық, жеңге мен қайны арасындағы әзіл-қалжың - бәрі-бәрі көрініс тапқан.



Белгілі жазушы Сәбит Досановтың кітаптың алғысөзінде: «Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты шығармасы - тың тақырыпқа тұңғыш түрен салған, айтары анық, бояуы қанық, шұрайлы шығарма, оқушының ойына ой қосатын тұлғалы туынды. Адамдардың бір-біріне деген мейірімі, махаббаты қарасөзбен жырланған поэма», дегеніндей,  бұл кітаптың, әсіресе, кейінгі жастар үшін тәрбиелік мәні зор.

Шара барысында БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, журналистика ардагері Тихон Әліпқали, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин және басқалар жаңа кітаптың жұп-жұмыр, тілі жеңіл де келісті, оқиғалары әсерлі де өрісті екендігін айтып, жылы пікірлерін білдірді.



Атап өтер жайт, кітаптың кейіпкерлері - өмірде болған адамдар. Сондықтан олардың ұрпақтары болуы да заңдылық.  Солардың бірі, тарихшы-ұстаз Ырысты Қайсағалиева осы кітаптың жазылуына бастамашы болса, шараға Қызылорда облысы Сырдария ауданынан арнайы келген Шынтемір Айсин шынайы ризашылығын жеткізді.

«Біз әкелеріміздің қанымен, сол үш анадан өрбіген ұрпақпыз. Өзім, анамыз құдайдан сұрап алған егіз баланың бірімін. Бүгінгі күнге де жеткізген сол аналарымыздың ақ тілегі. Қазіргі таңда Қайсағалиевтер, Қизағалиевтер және Айсиндер әулеттері тамыр жайып, дені Батыс Қазақстанда ұрпақ өрбітіп отыр. Ендеше, егемен еліміздің еңсесі көтеріңкі, рухы биік бола берсін әрдайым!», деді ағынан жарылған Ш.Айсин.

Кешті жүргізген Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова жаңа туындыдан үзінді оқып берсе, белгілі өнерпаздар Сәуле Таудаева, Еркін Өтегеновтер әнмен көркемдеді.   Сондай-ақ театрдың белді актрисалары Гүлжиян Шынтемір, Әсел Мәмбетова және Бибігүл Исалиеваның үш абысынды бейнелеуі де әсерлі шықты.

Соңғы жаңалықтар