Оралда таксиске қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлованың айтуынша, 10 желтоқсан күні таңғы сағат төртте оңай олжа табуды көздеген екі жас жігіт жолаушы тасып, ақша тауып жүрген такси жүргізушісін тонамақшы болған. Олар қала орталығындағы Некрасов пен Комсомол көшелерінің қиылысында бар жиғаныңды бер деп, таксиске тиіскен. Оны соққыға жығып, көп ақша таба алмағаннан кейін оның «Лада Приора» автокөлігін алып кетпекші болған. Ақыры 1991 жылғы жүргізушіні бес жерден пышақтаған. Абырой болғанда, такси жүргізушісі дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, аман қалды.

Жедел іздестіру шаралары барысында қылмыстың ізі суымай,  11 желтоқсан күні 1988 және 1992 жылғы екі күдікті қолға түсті. Олардың біреуі Орал қаласынан, екіншісі Қазталов ауданынан болып шықты.

Оқиға орнынан тәртіп сақшылары аяқкиім іздерін тауып, пышақ, ұялы телефон, киім-кешек, екі 200 теңге және басқа айғақ заттарды тәркіледі. Қарақшылар айдап кеткен көлік Зачаган кентіндегі Теміртау көшесі бойындағы үйлердің бірінің қасынан табылды.

Күдіктілер барлық іс-әрекеттерін толықтай мойындады. Қазір қамауда отырған оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар