Оралда Спорт күні мерекесі аталып өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында Спорт күніне орай салтанатты жиын болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 



Шарада сала қызметкерлерін өңір басшысының атынан Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев құттықтап, соңғы жылдары батысқазақстандық спортшылардың дүниежүзілік додаларда топ жарып, жүлде алып жүргенін жеткізді.



Айталық, өткен жылы бокстан Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасының чемпионы атанса, әйелдер күресінен Екатерина Ларионова қола медальға қол жеткізді. Олардың жеңісті жолын шорттрекшілер жалғастырып, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды. Оған қоса батысқазақстандық шорттрекшілер Алматыда өткен қысқы универсиадада да табысты өнер көрсетті. Сол секілді Александр Стольников, Қайрат Байбеков, Виталий Вориводин және Антон Кузнецов волейболдан Қазақстан құрамасы сапында Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.



Облыста Елбасы тапсырмасына сәйкес спортты дамыту үшін барынша көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде Ақсай қаласы мен Зеленов ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Сондай-ақ Орал қаласында 764 млн. теңгеге қазіргі заманғы 17 спорт алаңын пайдалануға беру көзделуде. Алдағы уақытта да облыс орталығымен қатар аудандарда да спорт нысандарын салу жалғасатын болады. Мұның бәрі - мемлекет тарапынан тұрғындардың, әсіресе, жас ұрпақтың спортпен айналысуы үшін жасалып отырған қолдаудың айғағы.
Жиын барысында еркін күрес пен шорт-трек бапкерлері Асқар Сәукелин мен Максим Лозовойға облыс әкімінің алғысхаты мен «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» куәлігі табыс етілді. Сала үздіктері мен спорт жанашырлары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының алғысхаттарымен марапатталды.



Еске сала кетейік, биылғы бірінші жартыжылдықта БҚО спортшылары ресми республикалық және халықаралық жарыстарда барлығы 339 медальді (116 алтын, 101 күміс, 122 қола) жеңіп алған болатын.

Соңғы жаңалықтар