Оралда шетелдік азамат төрт бірдей фирманың кассирін алдап, ақшасын алып кеткен

None
None
 ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында бір айдың ішінде төрт бірдей фирманың кассирін алдап, барлығы 700 мың теңгеге жуық ақшасын жымқырып кеткен 1975 жылғы шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, аталмыш азамат өзін шетелдік кәсіпкер ретінде таныстырып, фирмаларға кіріп, тауар сатып алуға уәделескен болып, кассирлерді алдаған. Яғни оларды әңгімеге айналдырып, Қазақстанның ірі ақшаларын коллекциялайтын едім деп, сейфтен алып, көрсетуді ұсынған. Сосын ақшаны ұстап тұрып, әмиянымен көлегейлеп, белгілі бір бөлігін қалтасына басып отырған.

Қазіргі кезде өзін Иран елінің азаматымын деп отырған шетелдік тұрғынға қатысты ҚР ҚК 190-бабына сәйкес (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оның қармағына түскендердің саны бұдан да көп болуы ықтимал.

Еске сала кетейік, өңірде алаяқтық көбейіп отыр. БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тек өткен аптада облыста тоғыз бірдей алаяқтық дерегі тіркелген болатын.

Соңғы жаңалықтар