Оралда Рухани жаңғыру музейі ашылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Рухани жаңғыру музейі ашылмақ. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстарды таразылаған дөңгелек үстел отырысында облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, бұл істі туған жер алдындағы перзенттік парызым деп түсінген жергілікті кәсіпкерлердің күшімен Достық даңғылы мен М.Ықсанов атындағы көше қиылысындағы ХІХ ғасырда салынған тарихи ғимарат музейге лайықталып, қалпына келтірілмекші. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан қаржы қарастырылған жоқ. «Туған жер» бағдарламасына сәйкес мұндай жұмыстар аудандарда да атқарылуда. Айталық, Қазталов ауданында кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаевтың туған жері Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық елді мекенінде өз қаражатына медпункт салып бергенін ел біледі. Мұндай бастамалар барынша қолдау табуда. Сол секілді өңір тарихына қатысты жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жайық Пресс» ЖШС (бас директоры Жантас Сафуллин) көне құлпытастарды зерттеу бағытындағы тың жұмысты қолға алды.

null

Жиында алдағы уақытта жоспарланып отырған жоба-бастамалар жөнінде де айтылып, Еуразиялық интеграция институты мен М.Өтемісов атындағы БҚМУ арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің нақтылауынша, Рухани жаңғыру музейінде Алашорда тақырыбы да көрініс табатын болады.

null

Соңғы жаңалықтар