Оралда Пушкин атындағы тынымбақ қайта ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда қала күніне орай орыстың ұлы ақыны А.Пушкин атындағы тынымбақ жаңартылып, қайта ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның ашылу рәсіміне өңір басшысы Алтай Көлгінов бастаған жұртшылық өкілдері қатысты. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев биыл шаһар күні Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес Алтын орда кезеңіне (ХІІІ-ХV ғасырларға) жататын Жайық қалашығын таныстырудан басталып, түрлі мәдени-спорттық шаралармен жалғасып отырғанын жеткізді. Соның ішінде Александр Пушкин есімі де оралдықтар үшін ерекше ыстық. Кезінде ұлы ақын үш күн аялдап, ізін қалдырған қалада, міне, Пушкин бағы да түгелдей жаңартылып отыр. Жалпы, биыл қалада абаттандыру бағытында көптеген жұмыстар жасалып, жыл басынан бері елуден астам нысан салынды немесе жөнделді. Бұған түрлі қаржы көздерінен 2,5 млрд теңге бөлінді. Аулаларды жөндеу мен спорт алаңдары құрылысы алдағы жылы да жалғасатын болады.

Облыстық аурухана маңында 8 мың шаршы метр аумақты алып жатқан, көптен жөнделмеген тынымбақты «Ремстройбыт» ЖШС (басшысы Максат Геюшов) екі айдың ішінде толық абаттандырып шықты. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 45 млн теңге қаралған болатын. Айналасы қоршалып, жас көшеттер мен гүлдер егілген. Адамдар тынығатын орындықтар қойылып, тротуар өрнектаспен көмкерілген. А.Пушкиннің мүсіні де жаңа кейіпке енген.

Салтанатты шараға қатысқан Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов Пушкин атындағы тынымбақтың қайта жаңартылуы екі ел арасындағы рухани жақындықтың бір көрінісі екендігін атап өтті.

Айта кетейік, биыл қаланың 4-інші және 6-шағынаудандары арасындағы тынымбақ та күрделі жөнделуде. Бұған 113 млн теңге қарастырылған.

null 

Соңғы жаңалықтар