Оралда парақор полицейлерге 17,5 млн теңгеден айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда пара алған полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сот талқысында белгілі болғанындай, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар алкоголь өнімін жасөспірімге сатқаны үшін дүкен иесін 250 мың теңге пара беруге мәжбүрлеген. 27 жастағы полиция капитаны Альфия Хабибуллина мен 20 жастағы лейтенант Әсем Найзабекова 2017 жылғы қазан айының аяғында азық-түлік дүкенінде кәмелетке толмағандарға алкогольды ішімдік сатылатынын анықтаған. Жазадан құтқару үшін дүкен иесіне 300 мың теңге төлеуді ұсынып, кейін 250 мың теңгеге келіскен. Ал 4 қараша күні тағы бір инспектор Бақытжамал Есенәлиева дүкен иесінен ақша алу үстінде БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерінің қолына түскен.

Орал қалалық сотының үкімімен А.Хабибуллина, Б.Есенәлиева және Ә.Найзабекова ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен лауазымды қызметкердің елеулі көлемде пара алуы) айыпты деп танылып, олардың әрқайсысына параның жетпіс еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Яғни олардың әрқайсысы сот үкімі күшіне енгеннен кейін бір айдың ішінде 17,5 млн теңгені төлеуі тиіс. Егер сотталушылар айыппұлды төлемеген жағдайда бас бостандығынан айырылатын болады. Оған қоса бұрынғы полиция қызметкерлері жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар А.Хабибуллина мен Б.Есенәлиева капитан, Ә.Найзабекова лейтенант шенімен қош айтысты.

Судья БҚО ІІД басшылығы тарапына қарауындағы қызметкерлерді тәрбиелеу бағытында шараларды қолға алу жөнінде жеке ұйғарым шығарды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар