Оралда пара алған полиция қызметкері үш жылға сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында пара алған полиция қызметкері үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық сотының үкімімен Халел Сугуров ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген бұрынғы полиция қызметкерінің қолына сот залында кісен салынды. Судья Найля Жүнісова, сондай-ақ Х.Сугуров полиция капитаны шенінен айырылғанын, жеке мүлкі тәркіленіп, бұдан былай мемлекеттік қызметке өмір бойына орналаса алмайтынын жеткізді.

Сот талқысында белгілі болғанындай, өткен жылғы 1 қазанда сағат 14.00-де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаменті мен БҚО ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Орал қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Х.Сугуровты пара алу кезінде қолға түсірген болатын. Ол қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік ғимараты жанында 1992 жылғы Р. деген азаматтан қылмыстық істі тоқтатуға ықпал етемін деген оймен әрі алаяқтық жолмен 50 мың теңге пара алмақ болған. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Х.Сугуровтан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынып, бұлтартпау шарасы қолданылған еді. 1983 жылы дүниеге келген Х.Сугуров ішкі істер органына 2009 жылдың ақпан айында орналасып, жедел уәкіл лауазымына 2012 жылдың желтоқсан айында тағайындалған.

Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлованың айтуынша, ашық сот отырысына тәртіп сақшылары да қатысты.

Сот процесі аяқталған соң, Орал қалалық ішкі істер басқармасы кадр қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Самиғолла Абдрахманов жеке құрам алдында сөз сөйлеп, мұндай жағдайдың өзгелерге сабақ болуы тиістігін, болашақта заңға қайшы теріс қылықтарға жол бермеу керектігін ескертті.

 

Соңғы жаңалықтар