Оралда пара алған қос полицейге 350 мың теңгеден айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полициясы батальонының бұрынғы қызметкерлері А.Шүкіров пен М.Насыров ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес (пара алу) айыпты деп танылып, олардың мүлкін тәркілеумен бірге әрқайсысына параның жетпіс еселенген мөлшерінде, яғни 350 мың теңгеден айыппұл салынды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қос полицей өмір бойына жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан, оған қоса А.Шүкіров полиция старшинасы, М.Насыров полиция сержанты арнайы шендерінен айырылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, аталған екеу биылғы қыркүйек айында Орал-Озинки жолы бойында қызмет бабында жүріп, құқық бұзушыдан жақын шамын жақпай көлік айдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпаймыз деп 5 мың теңге пара алған.

Сотталушылар өз кінәсін мойындап, өкінетіндіктерін білдірді. Сот жаза белгілер кезде осыны да ескерді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар