Оралда мыңға жуық адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікеті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында тиісті жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қаласы халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрсәуле Елеуованың айтуынша, аталмыш бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету; жаппай кәсіпкерлікті дамыту; халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту.

Биыл Орал қаласы бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 30 407 мың теңге және қосымша облыстық қазынадан 200 211 мың теңге бөлінді. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 8 450 мың теңге, жастар тәжірибесін ұйымдастыруға 90 027 мың теңге, оқу курстарын ұйымдастыруға 132 141 мың теңге қаралды.

«Бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік  оқумен қамтамасыз ету» 1-бағытына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 400 жас азамат тегін оқытуға жолданады. Оларды биылғы 1 қыркүйектен бастап оқыту жоспарлануда. Ол жұмыстарды ұйымдастыру үшін облыстық білім басқармасымен мобильдік топ құрылып, жоғары оқу орындарына түспей қалған мектеп түлектері арасынан оқуға ниет білдіргендердің тізімі жасалуда. Оқу бағдарлама қатысушылары үшін тегін, ай сайын шәкіртақы төленеді және бір мәрте ыстық тамақпен қамтылады. Оқуды бітіргеннен кейін жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, жұмысқа орналастыру шараларына қатысу міндеттеледі.

Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша 976 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамту көзделуде.  Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан (жыл басынан 21 058 мың теңге және қосымша республикалық бюджеттен 113 624 мың теңге) барлығы 134 682 мың теңге қарастырылды. Биылғы бірінші жартыжылдықта 120 адам ВС және ДЕ санаттары бойынша жүргізуші, бақылаушы-кассир, шаштараз, кәсіби ағылшын тілі курсы, тігінші және пішуші, электр және газбен дәнекерлеуші секілді мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылды. Бұл курстардың оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін. Оған жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Барлық ниет білдірушілер жұмыспен қамту орталығына жолығады. Оқу тегін және ай сайын бағдарлама есебінен шәкіртақы (16 759 теңге) төленеді.

Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты бойынша биыл 76 адамға шағын несие және несие беру үшін бағдарлама тарапынан 294 730 мың теңге несие қаражатын бөлу жоспарланған болатын. Күні бүгін халықты жұмыспен қамту орталығына 237 адам несие алуға тілек білдіріп, мамандардан түрлі кеңестер алды. 163 адам «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалына кәсіпкерлік негіздерін оқу курсынан өтуге жіберілді. Қазіргі таңда 42 адам оқу курсын тәмамдап, сертификат алды. Дегенмен несие беру жұмысы екінші деңгейлі банктердің анықталмауына байланысты кешеуілдеуде.

Биылғы алты айда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағытында халықты жұмыспен қамту орталығына 4 689 адам жолығып, оның 1 704-і жұмыссыз ретінде тіркелді, 2 929 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Соның ішінде 1 553 адам тұрақты жұмыс орындарына, 42-сі мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында ашылған жұмыс орындарына, 335-і жастар тәжірибесіне, 63-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 120-сы қысқа мерзімді оқу курстарына, 816 адам қоғамдық жұмыстарға жолданды.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікеті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар бұдан былай да жалғасатын болады», деді Н.Елеуова.

Соңғы жаңалықтар