Оралда Мұхит атындағы республикалық әншілер байқауы мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында халық композиторы, ақын әрі әнші Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» атты республикалық әншілер байқауы мәреге жетті.

null
Екі күнге созылған сайыс қорытындысында белгілі әнші-термеші, ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Қажыбек Бекбосын төрағалық еткен қазылар алқасының шешімі бойынша Ақжайық ауданынан келген Данияр Елеуов бас жүлдені жеңіп алды. Алматы қаласынан келген Нұрым Асқанов бірінші, Орал қаласының атынан сынға түскен Бейбіт Қажығалиев пен Ернар Өмірәлі екінші, ақтөбелік Әділет Күзенбаев, астаналық Зинат Қасымова, атыраулық Фатима Серікбаева үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ бір топ әнші дипломант атанды. Жүлдегерлер мен дипломанттарға ақшалай сыйлықтар, қатысушылардың бәріне алғысхаттар табыс етілді.

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, алты алашқа ән оздырған Мұхит Мерәліұлының мерейтойы тойланған сайын талантты жас әншілердің жолы ашылып, олар үлкен өнер әлеміне жолдама алып келеді. Болашақта да солай болып, Мұхит мұрасы мәңгі жасай берері хақ.

«Мұхит Мерәліұлының мерейтойы алғаш рет 1981 жылы Қаратөбе ауданында аталып өтіліп, облыстық әншілер байқауы ұйымдастырылған болатын. Содан бері әр бес жыл сайын әншілер додасы өтіп, оның аясы кеңейіп келеді. Мысалы, Батыстағы ән мектебінің негізін қалаған Мұхит байқауына Арқа өңірлерінің орындаушылары да қатысуда. Бұл ұлы бабамыз әндерінің Қазақ жерінде кең таралып отырғандығын көрсетеді. Осы тойдағы тағы бір қуаныш, Сырым ауданынан түлеп ұшқан, қазір Атырау қаласында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінде әнші-термеші қызметін атқаратын мәдениет саласының үздігі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің, республикалық Мұхит Мерәліұлы және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы байқаулардың бас жүлдегері Қайрат Кәкімов «Батыс Қазақстан дәстүрлі әншілік мектебінің антологиясы» деген жинақ шығарып әкелді. Онда осы өңірде ғұмыр кешкен композиторлардың әндері шығу тарихымен, авторларының өмірбаянымен қоса берілген. Алдағы уақытта да Мұхит бабамыздың есімін жас ұрпақ жадында жаңғырту бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз», деді қазылар алқасының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық «Мұхит» қоғамдық қорының директоры Сағадат Рахметжанов.




Соңғы жаңалықтар