Оралда «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында облыстық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы қорытындыланып, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО мемлекеттік тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Еуразия әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дәстүрлі байқаудың мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау. Басқарма басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, байқауға тіл тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистерден барлығы қырықтан астам жұмыс түсті.

Қазылар алқасының шешімімен «Жайық Пресс» ЖШС Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің жауапты хатшысы Әділет Орынбасаров «Үздік мақала», «AQJAI'YQ» телеарнасының редакторы Мұнайдар Балмолда «Үздік телеарна бағдарламасы», облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлсезім Бияшева «Үздік сайт мақаласы», «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО радиосының редакторы Жамал Қадырова «Үздік радиобағдарламасы» аталымы бойынша озық шықты. Оларға 75 мың теңгелік сертификаттар тапсырылды. Оған қоса бірқатар журналистердің еңбегі алғысхат және ақшалай сыйлықпен (15 мың теңгеден) аталып өтті.

Айта кетейік, 6 желтоқсан күні Теректі аудандық мәдениет үйінде өңірге танымал жас ақын әрі журналист Әділет Орынбасаровтың «Тау баласы» атты тұңғыш кітабының тұсауы кесілген болатын.

Соңғы жаңалықтар