Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 340.95
EUR 408.73
RUB 5.87
CNY 51.80

Оралда мемлекеттік сатып алу саласындағы жаңа тәсілдер талқыланды

2017 жылғы 16 қыркүйек 00:53 245

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда өткен аймақтық семинар-кеңесте мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына түсінік беріліп, жаңа тәсілдер талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары жергілікті атқарушы органдары мен әкімдіктерінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан жиында ҚР қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың атап өткеніндей, мемлекеттік сатып алу барысындағы кедергілерді жою мақсатында Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес заң жобасы жасалған болатын. Осыған байланысты Үкіметтің алдына екі міндет қойылып отыр, оның бірі - орталықтандырылған қызмет қағидасы бойынша мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін енгізу. Екіншісі - квазимемлекеттік, табиғи монополиялар және жер қойнауын пайдаланушылар салаларындағы мемлекеттік сатып алу тәсілдерін түбегейлі қайта қарау. Былайша айтқанда, заң жобасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулер енгізуді көздейді. Парламент Мәжілісінің қарауына жолданбастан бұрын мамандармен бірге өңірлерге шығып, тағы бір пысықтап алғанның артықтығы жоқ.

Қаржы министрінің биылғы 15 маусымдағы №384 бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты облыс әкімі Алтай Көлгінов өз ұсыныс-пікірін білдірді. «Демпинг мәселесінің бұрын шекті көлемі болатын. Қазір ол алынып тасталды. Бұл, бір жағынан жақсы, мемлекет сатып алу шаралары кезінде біраз қаржыны үнемдейді. Мәселен, біздің облыста 2,5 млрд теңге осылай үнемделді. Бірақ іс жүзінде мұның да олқы тұсы бар екенін мойындауымыз керек. Егер жобалауға қатысты айтар болсақ, онда жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) негіз болып табылатыны белгілі. Егер ЖСҚ сапалы жасалса, салынатын құрылыс нысаны да солай болады. Мұндай құжатты тәжірибесі, мамандары бар мекеме дайындаса, онда сөз жоқ. Ал қағаз жүзінде ғана әлеуеті жақсы деп танылған, ал шын мәнінде ондай мүмкіндігі жоқ кәсіпорындар демпинг негізінде тендерді ұтып алып жататын жағдайлар кездеседі. Олар жасаған жобалардан артынан түрлі мәселе пайда болады. Яғни олардың тәжірибесінің жоқтығынан, плагиаттылықпен айналысуы салдарынан құрылысты жүргізушілер қиналады. Ал танымал, жауапкершілігі мол компаниялар үшін демпинг негізіндегі тиесілі қаржы тиімсіз. Мұның бәрі сапаға, мемлекеттік бағдарламалардың талапқа сай орындалуына кері әсерін тигізетіні аян. Осыған орай алдағы уақытта бұл бағыттағы талаптарды күшейтудің жолдарын қарастырған жөн», - деді өңір басшысы.

Бұл сауалға жауап берген вице-министр жаңа заң жобасында аталмыш мәселе қарастырылғанын айтып, төменгі шектеулі лимит белгіленгендігін жеткізді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуда түрлі салаға қатысты түрлі лимиттер енгізбекші. Лимит көлемі осындай жиындарда талқыланып, көпшіліктің ұсыныс-пікірі негізінде әзірленетін болады.

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Батыс Қазақстан облысы, Басқа меморгандар,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер