Оралда мемлекеттік мекемелердің ашық есік күні өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «Ашық әкімдік» атты дәстүрлі ашық есік күні өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Ашық есік күнінде батысқазақстандықтар өз мәселелерімен облыстық және қалалық атқарушы органдар, коммуналдық қызметтер, құқық қорғау органдары және басқа да ұйымдар басшыларына тікелей жолығуға мүмкіндік алды. Олар негізінен жер қатынастары, халықты жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық және автомобиль жолдары мәселелерін айтып келді. 

Басшылар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасады. Себебі кейбір мәселелерді бірқатар ұйымдар, ведомстволар, құқық қорғау органдарының қатысуымен шешу қажет болды.



Сенбі күні барлығы 44 мемлекеттік органның басшылары 350 тұрғынды қабылдады.

«Адамдар өз мәселелерін барынша тез шешу үшін мұндай шараларды жиі өткізу қажет. Бүгін облыс әкімінің орынбасарлары мені толғандырған мәселелерді түсіндіріп берді. Енді тек нәтижесін күту ғана қалды»,- деді қала тұрғыны Әлия Алдиярова.

Айта кетейік, «Ашық әкімдік» шарасы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 

Соңғы жаңалықтар