Оралда локомотив депосы ауданындағы көпір жөнделмек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында локомотив депосы ауданындағы көпір қайта салынбақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бекжан Тоқжановтың Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында мәлім еткеніндей, соған байланысты 1 наурыздан бастап аталған көпір арқылы жол қозғалысы тоқтатылады. 1965 жылы салынғаннан бері көпір күрделі жөнделмеген. Көпірдің өзі 536 метр болса, оған кіреберіс жолдың ұзындығы 628 метр. Көпір бұзылып, қосымша тіреулер орнатылып, жүру бөлігі 8-ден 14 метрге кеңейтіледі. Қайта құрылғаннан кейін жол төрт жолаққа дейін ұлғайтылып, тротуар, қоршау, жарықтандыру бағандарын орнату да қарастырылған.

«ҚПО б.в.» компаниясы қаржыландыратын құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны - 2,3 млрд. теңге. Мердігері - «КА-СТРОЙ ЛТД» ЖШС. Көпірді қайта құру мерзімі 24 айға есептелген. Соның төрт айы көпірді бұзуға кетпек.
Көпірдің жабылуына байланысты қоғамдық көлік бағыттары да өзгереді.

Соңғы жаңалықтар