Оралда қоршаған ортаны қорғауға арналған халықаралық конференция өтеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 26 шілде күні Орал қаласында Жайық күні аясында «Қоршаған ортаның жағдайын жақсартудағы әйелдердің рөлі» атты халықаралық форум өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ішкі саясат басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш шара 2016 жылы 4 қазанда Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында қол қойылған трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау жөніндегі келісім аясында болмақ. Сондай-ақ бұл Қазақстан мен Ресей бірлесіп биыл 21-інші рет өткізіп отырған Жайық өзені бойымен тарихи-мәдени, экологиялық экспедициясының заңды жалғасы болып табылады.

Биылғы 11 наурызда БҚО әкімі Алтай Көлгінов пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг Жайық өзені туралы хаттамаға қол қойып, жыл сайын Жайық күнін өткізуге келіскен болатын.

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы аясында БҚО әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырып отырған форумның басты мақсаты - Жайық өзенінің экожүйесін сақтау, жақсарту, «Жасыл экономиканы» дамыту.

Форумға Ресей Федерациясының Башқұртстан республикасынан, Орынбор, Саратов, Челябі, Қазақстанның Ақтөбе, Атырау облыстарынан, халықаралық үкіметтік емес ұйымдардан, жергілікті және орталық атқарушы органдардан 300-дей адам қатыспақшы.

Әйел кәсіпкерлерді «Жасыл экономиканы» дамытуға тарту - форумның негізгі тақырыптарының бірі. Сонымен қатар Ресейдегі «Экология жылы-2017», Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында экономиканың жетекші саласы - «жасыл» технология жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланбақ. Оған қоса туризм саласындағы бизнесті дамыту, қызмет көрсету, сувенирлік өнімдерді өндіру, қонақ үй бизнесі сынды мәселелер ортаға салынатын болады.

Айта кетейік, Жайық өзені бойымен дәстүрлі ХХІ тарихи-мәдени, экологиялық экспедициясы (басшысы Елена Тарасенко) биыл Орынбор облысының Подстепки ауылынан бастау алды. Бірнеше күнге созылатын экспедиция барысында Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі аудандарының Успенов, Жаңаталап, Жарсуат, Ақсуат ауылдарында, сондай-ақ Орал қаласының Желаев, Зачаган кенттерінде жергілікті тұрғындармен кездесулер, түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізілмек.

Соңғы жаңалықтар