Оралда «ЕХРО-2017» көрмесі мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы ғимаратының залында ел тәуелсіздігі мен ҚР Ұлттық инженерлік академиясының 25 жылдығына орай «Еуразиялық кеңістіктегі орнықты ғылыми-техникалық дамудың инновациялық технологиялары иен жүйелері, ЕХРО-2017: Астанаға дайындықтың кешендік бағдарламаларының кластерлік бастамалары» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық инженерлік академиясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған конференцияда облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов  «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оған батысқазақстандықтардың, соның ішінде жаңашыл ғалымдардың белсенді араласып жатқандығын жеткізді.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Әбдіғали Бекманов аталған ұйымның Батыс Қазақстан филиалының инженерлік саланы дамыту және жастарды техникалық мамандықтарға тартып, ғылымға баулу бағытында көп іс тындырғандығын атап өтті. Осыған орай инженерлік академия президенті, академик Бақытжан Жұмағұловтың атынан алғыс айтып, академия кеңесшісі болып сайланғандарға куәліктерін табыс етті. Жастардың озық ілім-білім мен инновациялық технологияларды үйренуіне қосқан үлестері үшін бір топ мекеме басшылары алғысхаттармен марапатталса, «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әліби Баяховқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісі мен куәлігі тапсырылды.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімов «Инженерлік ойлау - Қазақстан Республикасының орнықты ғылыми-технологиялық дамуына 25 жылғы бойғы қызмет» деген тақырыпта баяндама жасап, «ЕХРО-2017» көрмесіне дайындық барысында ғылыми-инновациялық бағыттағы жасалып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ Оралдағы «Алгоритм» технопаркінің директоры Арман Есекенов Қазақстанның батыс аймағында ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің нәтижелерін коммерциялаудың жай-күйі мен келешегі жөнінде сөз қозғаса, Самара қаласындағы «Сервис Ойл» ғылыми-өндірістік мекемесінің бас директоры Вячеслав Колоколов мұнай-газ саласы үшін турбиндік майды өңдеудің тиімділігі мен әдіс-тәсілдері жөнінде айтып берді.

Жиын барысында сонымен қатар ғалымдар инновациялық технологияға құрылған жаңа жобаларымен де таныстырды.

«Қазіргі заманда қай істе де жаңашылдық керек. Осы орайда «КазИИТУ» ғылыми-білім кешені Ресейдегі ЖОО-лармен барынша тығыз байланыс орнатып, кейбір жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда. Соның ішінде жастарымыз түрлі қалаларға барып, ғылым мен техника саласындағы білім-білігі мен шеберліктерін жетілдіріп келіп жатыр. Қазіргі таңда ізденімпаз жастарымыз институт қабырғасында озық технологияға негізделген тың жобалармен шұғылданып, жаңа техника түрлерін құрастырып шығаруда. Мұның бірқатары болашақта өндіріске кеңінен енгізілсе, әрине, біздің мақсатымыздың орындалғаны», деді ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш кешеннің құрылтайшысы А.Әйтімов.

null null  

Соңғы жаңалықтар