Оралда діни өшпенділікті қоздырған тұрғын сегіз жылға сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының бүгінгі үкімімен Абдухалил Абдужаппаров ҚР ҚК 164-бабы 3-бөліміне сәйкес (1997 жылғы редакцияда) айыпты деп танылып, ол қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сот талқысында мәлім болғанындай, А.Абдужаппаров 2003-2006 жылдары Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларында тұрғындар арасында діни өшпенділікті қоздыру мақсатында экстремистік бағыттағы уахаббилік «тәкпір» жамағатының идеологиясын насихаттаған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының төрағасы, теолог Ержан Жұмағожиевтің толықтыруынша, А.Абдужаппаров «шейх Халил» лақап атымен танымал. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1993-1999 жылдары аралығында Пәкістан Республикасының Исламабад қаласындағы Халықаралық Ислам университетінде гуманитарлық теология ғылымдарының саласы бойынша Ислам іліміне қатысты білім алған. Абдужаббаров аталған университетте оқыған кезінде экстремистік идеологияны үгіттейтін «тәкпірлік» ағымның арбауына түсіп, 1994 жылы заңсыз жолмен Ауғанстан аумағына өтеді. Кейін осы елдің аумағындағы террористік іс-қимыл дағдыларын, оның әдіс-тәсілдерін терең меңгерген «мұджаһидтерді» (содырларды) даярлайтын арнайы лагерьдің қарауында жаттыққан. 1999 жылдың маусым айы мен 2003 жылдың ақпан айы аралығында Абдужаппаров Шымкент қаласындағы жеке «Даруль-Арқам» медресесінде мектеп жасындағы балаларға құран оқуды үйрететін мұғалім, Қазақ-Кувейт гуманитарлық академиясының дінтану факультетінің кафедра лаборанты, аға оқытушысы лауазымдарында қызмет атқарған.

Осы мерзім ішінде ҚР Конституциясын және өзге заңнамаларын мойындамай, «тәкпірлік» көзқарастағы теріс ағымды кеңінен насихаттауға түбегейлі бекиді.

Батыс өңірінің мешіттерінде араб тілін білетін, діни білімі мол мамандардың тапшы екенін білген «шейх» 2002-2006 жылдары Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын мұсылмандар, соның ішінде, дінге енді бет бұрған, ислам дінінен хабары аз жастар арасында исламдағы фундаменталистік «тәкпірлік» идеологияны тарату, олардың дәстүрлі ислам дініне деген көзқарасын экстремистік бағытқа бұру бағытында жұмыстанады.

2003 жылы Атырау қаласындағы Иманғали атындағы орталық мешітінің жанында ашылып жатқан медресеге араб тілін үйрететін мұғалім қызметіне кіріседі. Кейін Абдужаппаровтың радикалдық көзқарасы әшкереленді. Мешіт жамағатының арасында алауыздық (фитна) тудырып, оның беделін имамнан жоғары қоятын, «шейхтің» айтқанымен ғана жүретін топтар пайда болғаны анықталған соң, қызметінен қуылады. Дегенмен ол өзінің идеологиясынан бас тартпай, жақтастарын үгіттеп, Атырау қаласының Рембаза ауданында ҚМДБ-ға бағынбайтын «Ат-Тахуа» мешітін салдырған.

Құқық қорғау құрылымдарының назарына іліккенін сезген Абдужаппаров Атырау қаласындағы ушығып келе жатқан жағдай қалыпқа түскенше, Оралда уақытша тұруға шешім қабылдаған. Оралдағы жергілікті мұсылмандардың діни сауаты төмен екендігін және өзінен білім алуға құлшыныс танытқандар саны көп екендігін байқаған Абдухалил «тәкпірлік» идеологиясын таратуын жалғастырған.

Өзінің үгіт-насихатына құлақ асқандардың саны көбейгенін ескере отырып, Абдужаппаров мешіт имамына бағынбай, өзімен келіспе¬гендерді «мурджиит» (адасқандар) деп айыптауға шақырады. Діни келіспеушіліктер салдарынан мешітке келушілер арасында жік түседі. 2004-2005 жылдары бір-екі мәрте қысқа мерзімге Ақтөбе қаласында болған Абдужаппаровтың құлшылық орындарында осындай алауыздықтың орын алуына себепші болады. Ел аумағында «тәкпірлік» идеологиясын таратуға тосқауыл қойылғанын түсінген Абдужаппаров жақтастары арасында ізбасарларын дайындап, аудиожазбалардағы уағыздарын диск және кассеталар арқылы таратады.

2006 жылдың мамыр айының орта тұсында Қазақстанның батыс өңіріндегі Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларының тұрғындары наразылық танытуына байланысты экстремистік іс-әрекеттері әшкереленіп, құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық қудалауға ұшырайтынын сезген Абдужаппаров отбасы мүшелерімен Қазақстан аумағынан шетелге жылыстайды. Түркия арқылы Сауд Арабиясы Корольдігіне өтіп, аталған елде 2017 жылға дейін тұрақтайды.

Бірақ Абдужаппаровтың өзі ғана емес, жақтастары да жазадан құтылған жоқ. Мысалы, 2007-2016 жылдары Абдужаппаровтың ықпалымен радикалды «тәкпір» идеологиясын ұстанған террористік топ мүшелері М.Мақұлбек (діни лақап есімі - «Абдулазиз», «Ат-Тахуа» мешітінің имамы), Қ.Мұхамбетқалиев («Шейх Қайрат»), М.Испаев, Е.Ахатов тұтқын¬далды. 2011 жылы Атырау қаласында «шейх Халилдің» 47 жақтаушысы және тағы басқа тұлғалар, сыбайластары экстремистік және террористік қылмыс жасағандары үшін сотталды. Олар бес уақыт намазын оқымайтын азаматтарды және құқық қорғау құрылымдары мен билік өкілдерін «кәпірге» жатқызып, оларға «тәкпір» жариялаған, күпірлікке қарсы қарулы «жиһад» жасау идеяларын қол¬дап, діни өшпенділікті қоздырған. Сонымен қатар Абдужаппаровтың «ізбасарлары» Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға қатысу үшін отбасыларын бірге ертіп әкетіп, ата-аналардың көз жасына қалды.

Соңғы жаңалықтар