Оралда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жастарға 1800-ден астам жұмыс орны ұсынылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жастарға арналған «URALSK JOB FAIR - 2017» атты  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошевтің айтуынша, шараның мақсаты - жастардың жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру, жастарды мемлекеттік бағдарламалар, халықаралық және мемлекеттік білім беру бағдарламалары туралы ақпараттандыру.

Жәрмеңкеге облыстағы "Стекло-Сервис" ЖШС, "Гидроприбор" ҒЗИ», "Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы" АҚ сияқты ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар, Орал қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекемелерден барлығы 100-ге жуық жұмыс беруші қатысып, 1800-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңке барысында барлығы 700-ден астам  жас өз түйіндемелерін тапсырды.

Сонымен қатар жәрмеңке барысында жастарға Елбасының "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының бірінші бағыты - кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болатындығы, конкурсқа түсу тәртібі, тестілеуден өту және басқа мәселелер жөнінде ақпарат берілді.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қабылдау бойынша  семинар өткізіліп, Назарбаев университетінің өкілі  осы оқу орнына түсу мүмкіндіктері бойынша мәлімет берді.

Сондай-ақ жас мамандарға түйіндеме толтыру, әңгімелесуден өту және  өзге мәселелер бойынша кеңес  беріліп, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы БҚО филиалы өкілдерінің жастарға өз кәсібін ашу бойынша өткізген тренингтеріне 100-ге жуық жас қатысты.

«Аталмыш бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастарды бос жүргізбей, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ өз кәсібін ашқысы келетін немесе мемлекеттік қызметке кіргісі келетіндерге, жоғары оқу орындары мен техникалық білім беру ұйымдарын биыл аяқтаған түлектерге бағыт беру мақсатында ұйымдастырылды. 2016-2017 оқу жылында облыс бойынша жоғары оқу орындарын  7478түлек аяқтап отыр. Соның 4 мыңға жуығы - күндізгі бөлім студенттері. Алдағы уақытта осы түлектеріміздің, басқа да жұмыссыз жүрген жастарымыздың жұмысқа орналасуы бойынша мониторинг жүргізіліп, оларды жұмыспен қамту шаралары күшейтілетін болады», деді А.Сакошев.

Айта кетейік, өңірде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында да жастарды жұмыспен қамту шаралары қолға алынуда. Мысалы, биыл 515 жас маманды жастар тәжірибесіне жолдау көзделсе, алғашқы алты айдың ішінде соның 263-і жіберілді.

Соңғы жаңалықтар