Оралда БҚО газеттерінің 100 жылдығы тойлануда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына арналған шаралар облыстық мәслихат залында «Ғасырлық ғұмыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Онда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өңірлік басылымдардың ғасырлық мерейтойы Алашорда үкіметінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келуі тегін емес. ХХ ғасырдың басында Алаш арыстары барша қазақтың басын бір идеяға тоғыстыру үшін баспасөз ісін қолға алды. Олардың қазақты ұлт болып ұйыстыру жолындағы айтқан сөздері мен атқарған істері сол кездегі газет беттерінде тасқа қашалғандай болып сақталды. Өткен ғасырда халыққа насихат жүргізуге аса маңызды ең алдыңғы технология осы газет болғаны анық.

1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірінде ақын, ағартушы-ойшыл, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш: «...бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат - газет...» десе, биыл 106 жылдан кейін Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын «Ұшқын» газетінен бастау алатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» жариялауы бүгінде баспасөздің қоғамдағы орны нық екендігін айқындап тұр.

Ғасырлап отаршылдық қамытын киген елдің алдымен тілі, діні бұзылып, тарихы бұрмаланады. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде Алаш арыстары қазақты қайтсек өз алдына ел қыламыз деп түн ұйқысын төрт бөлді, сол жолда қанын да, жанын да аямады. Киелі Орда жерінде Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтердің өз бастарын қатерге тігіп, елді ұлы мақсат жолына ұйыстырудың бір жолы ретінде газет шығаруды жолға қойды. Патшалық дәуірдің қылышынан қан тамған кезінде газетке «Қазақстан» деп ат қоюдың өзі үлкен тәуекелді, саяси ерік жігерді қажет етеді. Олар осы шешімімен Қазақстан атауын алғаш рет қолданысқа енгізді. Сол арыстардың аңсаған арманы еліміз тәуелсіздік алған кезеңде жүзеге асты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізген саясаттың нәтижесінде Қазақстан ширек ғасыр ішінде бүкіл әлемге танылды. Қазіргі таңда елімізді саяси, экономикалық және рухани жаңғырту бағытында үлкен міндеттер қойылып отыр. Бұдан баспасөз саласының қызметкерлері де тыс қалмақ емес.
null 

Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес елімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осыған орай Батыс Қазақстан өңірінде нақты жобалар қолға алынуда. Қазіргі таңда Оралда арнайы жобалық кеңсе құрылып, бұл жұмыс аудандарда да өрістеуде. Қазақтың киелі жерлері есепке алынып, «100 жаңа есім» жобасына ұсынылғандар насихатталуда. Киелі жерлер дегенде ерекше атап өтетін жайт, еліміз бойынша жасалған 100 макросакральды орындардың қатарына осыдан бір ғасыр бұрын газет жарық көрген Бөкей Ордасындағы тарихи-музей кешені мен Орал қаласындағы Жайық қалашығы қосылды. Микросакральды орындарды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.
null 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі ­- өткеніңді ұмытпай, тарихи сананы қайта жаңғырту. Осы орайда 2 облыстық, 12 аудандық газеттің басын біріктіріп отырған «Жайық Пресс» медиахолдингі өңірдегі көптеген істерге бастамашы болып келеді. Әсіресе, Батыс Қазақстандағы баспасөз тарихын жүйелі зерттеуді қолға алуы құптарлық іс. Осындай жұмыстар нәтижесінде 1911-1913 жылдары Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин сынды ұлт зиялыларының қолға алуымен әуелі Ордада, кейін Оралда басылған «Қазақстан» газетінің барлық 16 саны табылып, жеке кітап болып жарық көрді. Сонымен қатар бұрын облыстық газеттер тарихы 1918 жылы 17 қарашада Ордада жарық көрген «Хабар-Известиядан» басталып келсе, соңғы жылдардағы ізденістер өңірлік басылымдардың ізашары «Ұран» газеті екені дәлелденді. Оның бас редакторы әрі ұйымдастырушысы белгілі ағартушы, 8 тіл білген Ғабдолғазиз Мұсағалиев екені, «Ұранның» 1917 жылғы 28 шілдеден шыға бастағаны белгілі болды. Бұл газеттің Кеңес дәуірінде аты аталмауының себебі, оның алашшыл бағытты ұстанғандығында еді. Атақты ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында «Ұран» газетінің алашордашылардың ұраны болғанын жазды. Сондықтан кеңестік идеология өз мақсат-мүддесімен үндеспеген басылымның тамырын үзіп, тарихтан аластатты. Алайда соңғы кездегі зерттеулердің нәтижесінде «Ұранның» қырықтан астам нөмірі анықталып, соның 9 нөмірі табылып, 2014 жылы жеке кітап болып басылды. Бұл баспасөз тарихындағы тың жаңалық еді. Соның арқасында облыстық газеттердің тарихы бір жылға одан әрі тереңдей түсті.

Облыстық газет 1918-1919 жылдары «Хабар-Известия», 1919 жылы «Дұрыстық жолы», 1920 жылы «Сахара таңы», 1920-1930 жылдары «Қызыл ту», 1931-1957 жылдары «Екпінді құрылыс», 1958-1964 жылдары «Октябрь туы», ал 1964 жылдан «Орал өңірі» деген атпен басылып келеді.

Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне оралу мәселесі - шын мәнінде өткеннің оралуы, өшкеннің қайта жануы, бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғыру. Ал Батыс Қазақстанда облыстық газет «Екпінді құрылыс» атауымен шыққан 30-40 жылдары латын әліпбиімен таралды. Яғни, тарихын білетін бүгінгі ұрпақ үшін латын әліпбиі таңсық дүние емес.

«Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық газеттердің осы бір ғасырлық шежіресін жинақтап, зерттеуді мақсат еткен болатын. «Қазақстан» мен «Ұран» өз алдына, «Хабар-Известия», «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттері де жинақталып, кітап болып жарыққа шықты. Сондай-ақ ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап 2016 жылға дейінгі, яғни ширек ғасырды қамтитын өңірдің хронологиялық шежіресі де жасалып, екі тілде басылып шықты. Соңғы 5 жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрген екен. Биыл «Қызыл ту» газетіндегі таңдаулы мақалалар іріктеліп, жеке кітап ретінде дайындалды. Осыған қоса газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Қазіргі кезде арнайы бөлме жасақталып, жүз жылдық тігінді қойылды. Бұл Елбасы ұсынған «Цифрлық Қазақстан» жобасымен толық үндеседі», деді Алтай Көлгінов.
null 

Қос газеттің ғасырлық мерейтойымен ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев құттықтап, игі тілегін білдірді.
null 

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Елбасы тапсырмасына сәйкес баспасөз тарихын зерттеу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, «Қазақстан» мен «Ұраннан» бастап барлық газеттердің сандары мен құнды мәліметтер жинақталған «1911kz» сайтын таныстырды.

Конференцияда «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, жазушы, алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, Атыраудан келген баспасөз тарихын зерттеуші-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы және басқалар қос газеттің тарихына байланысты өз пікір-пайымдарын білдірді.

Айта кетейік, облыстық газеттердің 100 жылдығына арналған салтанатты шара бүгін түсқайта БҚО қазақ драма театрында өтеді. 
null 

Соңғы жаңалықтар