Оралда «БАСК» көлік-логистикалық орталығы салынуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында «БАСК» көлік-логистикалық орталығы салынуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың айтуынша, «БАСК» компаниясы жүзеге асырып жатқан жобаның бірінші кезеңінде автокөлік иелеріне құжат рәсімдеуге мүмкіндік беретін арнайы қызмет көрсету орталығы ашылады. Мұны биылғы наурыздың аяғына қарай пайдалануға беру көзделуде. Қазіргі кезде сыртқы жұмыстары бітіп, ішкі шаруалары ғана қалды. Содан кейін қонақүй, жүк көліктері тұратын арнайы тұрақтар, басқа да қажетті орындар салынады. Жоба 2020 жылға дейін толық жүзеге аспақшы.

Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетіндіктен, көлік-логистикалық орталық орын тебетін жер (Зачаган кенті) транзитті жүк тасымалы үшін қолайлы болып есептеледі. Бұдан, мысалы, Атырау, Ақтөбе, Саратов, сондай-ақ Орал арқылы Самара, Орынборға шығуға болады.

Елбасымыз кешегі Жолдауында көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру бағытында тың міндеттер жүктеді. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

Өңірде автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі жыл санап көбейіп келеді. Айталық, өткен жылдың 11 айының өзінде жүк айналымы 2798,6 млн тонна-шақырымға жетіп, алдыңғы жылғыдан 5 пайызға артты.

Оған қоса әуе тасымалы да ерекше маңызға ие. «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Орал» халықаралық әуежайын жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Енді Батыстан Шығысқа және одан кері қарай жүктерді кедергісіз тасымалдау үшін онлаин режимінде цифрлық технология енгізіледі. Аталмыш әуежай арқылы шет елдерге де қатынау мүмкіндігі көбеюде. Айталық, өткен жылы Мәскеу, Франкфурт, Анталия, Шарм-эль-Шейх (Египет) қалалары бағытында әуе бағыттары ашылса, мұның аясы алдағы уақытта кеңейе түсетін болады.

Сол секілді Орал қаласы әкімдігі қоғамдық көліктердің жұмыс сапасын арттыру тұжырымдамасын қолға алды. Яғни 2017-2020 жылдар аралығында көлікте цифрлық технологиялар қолдануға ден қойылмақ. Қазірдің өзінде «Бас репорт» қалалық көліктерді диспетчерлеу жүйесі, электронды жолақы төлеу жүйесі енгізілуде.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес көлік саласында цифрлық технологияларды енгізуге, қазіргі заманғы озық тәсілдерді пайдалануға барынша мән берілетін болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Сатқанов. 

Соңғы жаңалықтар