Оралда барлық автобустарға GPS-навигатор орнату көзделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында биыл 500 автобустың бәріне GPS-навигатор құрылғысын орнату көзделуде,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қала әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, сонда әрбір жолаушы ұялы телефон арқылы автобустың қайда келе жатқанын немесе аялдамаға қашан соғатынын біліп отыратын болады. Бұған дейін 10 қалалық бағытта (217 автобус) аталмыш құрылғы орнатылып, жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындарда диспетчерлік пункттер жабдықталды.

Қалада барлығы 33 бағыт болса, күн сайын солар бойынша 500-дей автобус жолға шығады. Соның ішінде 150-інің сыйымдылығы үлкен, 210-ы орташа, 140-ы - шағын автобустар. Резервте тұрғандарды қосқанда, 644 автобус болғанымен, соның 61 пайызы жаңартуды қажет етеді. Бағыттардың жалпы ұзындығы - 1316 км. Барлығы 6 тасымалдаушы кәсіпорын қызмет көрсетеді. Жолаушы тасымалдау сапасын арттыру мақсатында 191 «ГАЗель» шағын автобустарының 105-і немесе 55 пайызы сыйымдылығы үлкен көліктермен ауыстырылды.

Алайда автобустардың қозғалыс кестесін сақтамайтыны, аялдамадағы адамдарды, әсіресе, балаларды алмай кететіні туралы тұрғындардан арыз-шағым көп түсетіні жасырын емес. Мысалы, №7 бағытта қатынайтын «ПАЗ» автобустарына таңертеңгілік және кешкісін жұмыстан қайтарда міну мүлдем қиын. Тіпті адамдардың көптігі сондай, бір-біріне тапалып жатады.
null 

Көлік заңнамасына сәйкес тасымалдаушы кәсіпорындар жолаушы тасымалдау сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Осы талаптарды сақтамағаны үшін және тұрғындардан арыз-шағымның көп түсуіне байланысты №17, 36 және 51-бағыттар бойынша қызмет көрсететін «Пассажир-авто» ЖШС-мен 2016 жылғы 1 желтоқсаннан бастап келісім-шарт үзілді. Бұл бағыттар жаңа конкурс өткенге дейін басқа тасымалдаушыға берілді.

Жалпы, бұл мәселені түпкілікті шешу үшін «Орал» ӘКК» ҰК-мен бірлесе отырып, Үкіметтің қолдауымен Еуропа қайта құру және даму банкі қаржысы есебінен қалалық қоғамдық көлікті жаңғырту ойластырылуда.

Айта кетейік, аталмыш мәселе тұрғындар тарапынан кеше қала әкімінің есептік кездесуінде де көтеріліп, бұған өңір басшысы Алтай Көлгінов те арнайы тоқталды.

«Біз бұл мәселені тасымалдаушы кәсіпорындармен бірлесе отырып, кешенді түрде  шешетін боламыз. Ең бастысы, автобус қатынасы тұрғындар үшін қолайлы болуы керек. Кейбір бағыттар бойынша қосарлана жүру кездеседі, сондықтан автобус жеткілікті болуы да мүмкін, бірақ жүйе жоқ. Адамдар көп жүретін кезде қыстыгүні балаларды алмай кету ақылға сыймайды. Бұл ретте, әсіресе, №7 бағыт бойынша қызмет көрсетушілерге қатысты қатаң шара алатын боламыз», деді облыс әкімі. 

Соңғы жаңалықтар