Оралда автокөлік доңғалақтарын пайдаға асыратын зауыт іске қосылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда автокөлік доңғалақтарын пайдаға асыратын зауытты іске қосу көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Автокомбинат» ЖШС директоры Валерий Голоуховтың мәлім еткеніндей, Елбасының биылғы Жолдауында экология мәселелеріне де ерекше мән берілгені белгілі. Осы орайда автокомбинат базасында жабдықтар алынды. Жаңа кәсіпорын жылына 2 мың тоннадай доңғалақ тыстарын өңдейтін болады. Бұл - қазіргі кезде аса қажетті, күрделі өндіріс. Алдағы ақпан айының басында зауытты іске қосу жоспарлануда. Бұл, әрине, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жалпы, «Автокомбинат» ЖШС сан салалы қызметті атқарады. Мысалы, Жолдауға сәйкес ауыл шаруашылығында инновациялық жаңалықтарды енгізбесе болмайды. Сондықтан автокомбинат құрамына кіретін ауыл шаруашылығы кәсіпорнында барлық техникалар түгелдей ауыстырылды. Облыста бірінші болып құрғақ суару әдісі жолға қойылды. Бұл тәжірибені ресейлік ғалымдар қолдап, өңірдегі басқа шаруашылықтар енгізуде. Соның нәтижесінде Батыс Қазақстан құрғақшылық жиі орын алатын өңірге жататынына қарамастан, 2016-2017 жылдары егін шаруашылығында жақсы өнім алынды. Еңбек өнімділігі жөнінен кәсіпорын Германия, Англия сияқты елдердегі деңгейге жетеқабыл деуге болады.

 Жолдауда сондай-ақ техникалық қайта жарақтандыру мен логистиканы дамытуға айрықша назар аударылды. Бұл ретте Астана мен Орал қаласында үлкен жүк көліктеріне қызмет көрсететін «Daf» көлік-логистикалық орталықтары жұмыс жасауда. Бір жыл бұрын осы орталықтар қызметін көрген Голландиядан келген «Daf» концернінің өкілдері мұны бірден құптап, ынтымақтастық пен дилерлік жөніндегі келісімге қол қойды.

«Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Мысалы, біздер Астанадағы көлік-логистикалық орталық құрылысы үшін бес жылға несие алып, толық есептестік. Ауыл шаруашылығында жаңа техника, гербицидтер мен тыңайтқыштар, жанар-жағар май алуға демеуқаржы берілуде. Осындай қолдау-көмектің арқасында қай салада да ісімізді алға бастырып, заманауи озық технологияларды енгізе білсек, мақсатымыздың орындалғаны», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Валерий Голоухов.

Еске сала кетейік, Оралға қарасты Зачаган кентінде «БАСК» көлік-логистикалық орталығы да салынуда. Онда алдымен автокөлік иелері үшін арнайы қызмет көрсету орталығы ашылатын болады. 

Соңғы жаңалықтар