Оралда әнші-композитор Қуаныш Қисметовтің «Ұлы дала тынысы» атты шығармашылық кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында әнші-композитор, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті музыкалық білім және вокал кафедрасының доценті Қуаныш Қисметовтің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала тынысы» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жәнібек ауданында туып-өсіп, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып, осында он бес жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып келе жатқан Қуаныш Қисметов әншілігімен қатар композиторлық қырымен танылып келеді. 

Әр жылдары республикалық Ә.Бейсеуов атындағы «Армандастар» (Орал-2006), халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» (Шымкент-2004), «Ялта-2006» (Украина), «Мир под Кычером-2009» (Польша) байқауларының лауреаты атанған Қ.Қисметовтің өз шәкірттері де талай додаларда оза шауып, жүлде алып жүр. Жастарды әншілікке, соның ішінде акапелла жанрына баулып жүрген Қуаныштың жары Раушан Қуаншалиева да әнші әрі осы университетте ұстаз. Бес бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты әншілердің ұл-қыздары өнерлі болып өсіп келеді. Бұған өздерімен бірге Айсана, Айсара есімді қыздарының сахнаға шығуы дәлел.

Шығармашылық кеште Қ.Қисметовтің әр тараптан жиналған шәкірттері де өз өнерлерін көрсетті. Соның ішінде Алматыдан келген республикалық «Жас қанат» байқауының күміс жүлдегері Дәуренбек Мерғалиев, астаналық «Тауан» тобының әншісі Армат Амандықов, «Қорған», «Дарын», «Батыс Star» топтарын атауға болады. Ақтаудан дос-әріптесі, республикалық байқаулардың лауреаты Ерлан Жылқыбаев арнайы келді.

Қуаныштың, әсіресе, Дариға Мұштанова, Мұнайдар Балмолда, Жансая Мусина сынды ақындардың патриоттық тақырыпта жазған «Ақұштабы Алаштың», «Сарбаз хаттары», «Ұстазға арнау», «Майдангерлер», «Ержүрек Мәншүк», «Астана», «Ұлы дала тынысы» іспеттес әндері жақсы әсер қалдырды. Кеш авторын БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі (дирижері Асхат Хасанов), М.Өтемісов атындағы БҚМУ хоры сүйемелдеп, қолдау көрсетті.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Ғалия Жүсіпқалиева Қуаныш Қисметовтің талай шәкіртке қанат бітірген ұстаз ретіндегі еңбегі мол екендігін атап өтті. Сондай-ақ БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Орал қаласы әкімдігі атынан алғысхат беріліп, тарту-таралғылар жасалды.

«Ақ Жайық төрінде алғаш рет өткізіп тұрған осынау шығармашылық кешімді ұлы мәртебелі тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына арнадым. Егер біз табысқа жетсек, соның бәрі - азаттық таңын аңсап өткен бабаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасы. Сондықтан ұлы дала тынысын кейінгі жас ұрпақ сезініп өссе дейміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз жарқын бола бергей!», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қуаныш Қисметов.

Соңғы жаңалықтар