Оралда ақын Бақытгүл Бабаштың шығармашылық кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында атыраулық ақын, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері, халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының, республикалық «Алтын қалам», «Үркер-үміт» әдеби байқауларының жүлдегері Бақытгүл Бабаштың «Бақыттың гүлі» атты шығармашылық кеші өтті.

null
Кеште ақынның сыршыл да мұңды жырлары оқылып, жиналғандарға жақсы әсер қалдырды. Автор өмір мен өлеңдегі жолдарын, қоғамға көзқарасын, шығармашылық іс-жоспарларын әңгімелей отырып, оралдық оқырмандардың түрлі сауалдарына жауап берді. «Тәтті мұң, махаббат лирикалары жаныма жақын. Мен ештеңені жоспарламаймын. Өйткені жүрегім нені қаласа, соны жазамын. Дегенмен алдағы уақытта Нарын құмында айшықты ізі қалған тарихи тұлғалар туралы да қалам қозғап, сүбелі дүниелер жазғым келеді», деді Атырау облысы Құрманғазы ауданында, қазақтың ұлы ақыны Жұмекен туған топырақта дүниеге келген Бақытгүл Бабаш.

null  

Ақындар Дариға Мұштанова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, сондай-ақ суретші әрі композитор Қуандық Мәдір Фаризаның талантты шәкірттерінің бірі Бақытгүлдің өлең өлкесіндегі орны ерекше, өз өрнегі бар екендігін айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Бұл шара, бір жағынан, Б.Бабаштың Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Бақыт гүлі» атты жаңа жыр жинағының жарық көруіне арналды. Кітаптың таныстырылымы алдымен Алматы қаласында болса, енді Оралда ұйымдастырылып отыр.

Қадыр Мырза Әли атындағы орталықтың директоры, ақын Бауыржан Халиолланың айтуынша, аталмыш орталықта тек батысқазақстандық қаламгерлер ғана емес, сонымен қатар көршілес облыстарда тұратын ақын-жазушылардың кештерін өткізу қолға алына бастады. «Біз осындай шаралар арқылы қалам иелерімен қарым-қатынасты жақсартып, әдеби ортаны жандандыра түсуді мақсат етудеміз», - деді Бауыржан Халиолла.

null null  

Соңғы жаңалықтар