Оралда «Ақ Жайық - ару мекенім» ән фестивалі мәреге жетті

None
None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін әнші-композитор Донеділ Қажымовтың әндерін орындаушылардың ІІ республикалық «Ақ Жайық - ару мекенім» ән фестивалі мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Елге әншілігімен және композиторлық қырымен кеңінен танылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Донеділ Қажымовтың шығармашылығын насихаттау мақсатында өнер додасын Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония БҚО әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен осымен екінші рет ұйымдастырды.
null  

Екі күнге созылған ән сайысына Астана, Алматы, Орал қалалары мен Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 20 үміткер қатысып, бақ сынады.

Байқауға қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, елімізге танымал әнші Нұрғали Нүсіпжанов, сондай-ақ Бішкек қаласынан арнайы келген ақын, Алыкүл Осмонов және Молдо Нияз атындағы республикалық, Жалаладдин Руми атындағы халық-аралық әдеби сыйлықтар¬дың иегері Атантай Акбаров, әнші, Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Қырғызстан филармониясының солисі Октом Калыева, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Дәукенова және басқа өнер майталмандары төрелік етті.

  

Сайыс барысында Донеділ Қажымовтың отыздан астам әндері орындалды.

Фестиваль қорытындысында бас жүлдені Теректі ауданынан келген «Үш қоңыр» триосы (Таңат Жексенбаев, Дәурен Жұмағалиев, Асыланбек Шайхин) жеңіп алды. Сырымдық Бекей Қанатов бірінші, оралдық Мәди Сабыров пен шымкенттік Өсербай Бөріханов екінші, жәнібектік Райымбек Кәрімов, оралдықтар Айым Шекеева мен Еркебұлан Қайырғалиев үшінші орынға ие болды. Ақсайлық Әсел Құджанова, тасқалалық Үміт Өтебәлиева, жаңақалалық Қуанышбек Айдарбеков, оралдық Назгүл Пахман дипломант атанды.

 

«Донеділ Қажымовтың әндері нағыз қазақы рухқа сай келетін туындылар екендігі көпке мәлім. Батыс Қазақстанның әнұранына айналған «Ақ Жайық - ару мекенім» сынды әндерді республика өңірлері ғана емес, шетелдерде де сүйіп орындайды. Туған жерді, Отанымызды дәріптейтін мұндай әндер «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сай келеді. Сондықтан фестивальді болашақта халықаралық деңгейде өткізу көзделуде. Осы жолы Ақ Жайыққа Нұрғали Нүсіпжановтың да келіп, Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқауы халықты бір көтеріп тастады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне қазылар алқасының мүшесі, композитор, Дәулеткерей атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов.





null 

null 



null 

Соңғы жаңалықтар