Оралда 8,1 млрд теңгеге қала жолдары жөнделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Оралда қала жолдарын жөндеуге барлық қаржы көздерінен 8,1 млрд. теңге бөлініп, 67 көше ретке келтіріле бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Соның бірі - Жәңгір хан көшесінде жол жаңа технология бойынша орта жөндеуден өткізілуде. Құрылыс барысымен танысқан Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев мұндай жолдың пайдалану мерзімі кемінде он жылға созылатынын, сондықтан алдағы жылы жөндеу жұмыстарының толықтай осы технологиямен  атқарылатынын жеткізді. Оралды Зачаган кентімен жалғастыратын Чагано-Набережная көшесіне дейінгі жол бөлігінің ұзындығы - 2,8 шақырым. Қазіргі таңда жолдың бір бағытына асфальтты бетонның төменгі қабаты төселді. Мердігер ұйым - «АксайБизнесСтрой» ЖШС 307,572 млн. теңгеге бағаланған құрылыс-монтаж жұмыстарын алдағы қазан айында аяқтамақшы. Оған қоса Жәңгір хан мен Чагано-Набережная және Жәңгір хан мен Свободная көшелерінің қиылысында бағдаршам орнатылмақ. Өйткені осы қиылыстарда жол реттелмейтіндіктен, апатты жағдайлар жиі орын алады.



Қала басшысы сондай-ақ Фрунзе көшесіндегі жол мен Ғ.Тоқай көшесіндегі жаяу жүргінші жолының құрылысымен танысты.

Айта кетейік, биыл 67 көшеде 72 шақырым жолды жөндеу көзделген болатын. Соның 42 шақырымы күрделі жөнделіп, қайта реттелсе, 30 шақырымы жаңадан төселуде. Оған қоса 40 шақырым жаяу жүргінші жолы салынуда.

Қала жолдарының жалпы ұзындығы 608 км болса, соның 296 шақырымына немесе 48,7 пайызына ғана асфальт төселген. Жыл соңына таман бұл көрсеткіш 53,6 пайызға жетпекші.

 

Соңғы жаңалықтар