Оралда 407 лифтінің 255-і ғана жұмыс жасайды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Орал қаласында 159 көп қабатты үйде орнатылған 407 лифтінің 255-і ғана жұмыс жасайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Шарафутдин айтты.

Қуаныш Шарафутдин мәлім еткендей, пайдалану мерзімі аяқталғандықтан, 132 лифтіні ауыстыру қажет. 20 лифті істен шыққан.

«Кеңес одағы ыдырағаннан кейін үйлердің басым көпшілігі жекешелендіріліп, жөндеу мәселесі, соның ішінде лифтілер жағдайы жылдар өткен сайын күрделене түсті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес лифт кондоминиум нысанының бір бөлігі болып табылады, яғни оны күтіп ұстау және жөндеу немесе ауыстыру пәтер иелерінің есебінен жүргізілуі тиіс еді», дейді Қуаныш Серікұлы.

2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Міне, осы бағдарлама тетіктері негізінде 2011-2017 жылдары Оралда 14, Ақсай қаласында  11 лифті ауыстырылды.

2018 жылдың бағамы бойынша 1 лифтіні ауыстыру құны шамамен 9-12 млн теңгені құрайды, сондықтан мұны пәтер иелері қаражаты есебінен жүзеге асыру қиындық туғызуда. Соған қарамастан, аталған бағдарлама аясында биыл Оралда 10, Ақсайда 6 лифтіні ауыстыру жоспарланып отыр.

Қуаныш Шарафутдиннің сөзіне қарағанда, бұдан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізілуде. Тиісті өзгертулер лифтілерді ауыстыру және жөндеуді жүргізу бойынша жұмыстарды жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беру қарастырылған.

«Алдын ала жасалған деректер бойынша өңірдегі 298 лифтіні ауыстыру және жөндеуге 3 млрд астам теңге қажет», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қ.Шарафутдин. 

Соңғы жаңалықтар