Оралда 25 мың түп ағаш көшеті отырғызылады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес 25 наурыз, 1, 8, 15, 29 сәуір сенбілік күндері болып белгіленіп, санитарлық тазалық айлығы жарияланды. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі абаттандыру секторының меңгерушісі Мирас Мүлкәй мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, айлық аясында қала аумағында тұрғын үйлер мен мекеме-ұйымдар, түрлі нысандар аумақтарын ретке келтіріп, тазалау, жөндеу және ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, биыл 17 ауланы абаттандыруға 500 млн. теңге, екі тынымбақты жөндеуге 160 млн. теңге жұмсалмақ.

Сенбіліктерді өткізу кезінде қолайлы болуы үшін қала 20 учаскеге бөлініп, оның әрқайсысына жауапты адамдар бекітілді. Тек сенбіліктер кезінде шаһарда 10 мыңға дейін тал-терек отырғызылмақшы, бұл 2016 жылғыдан едәуір артық.

Өткен жылы облыс орталығында 8 сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам тұрғын, меншік түріне қарамастан, 618  мекеме қатысқан болатын. Сенбіліктер кезінде 687 текше метр тұрмыстық қатты қалдық шығарылып, 7246 түп көшет егіліп, 6 мыңнан астам ағаш әктелген еді.

«Жалпы, биыл қалада 25 мыңдай түп ағаш көшеттерін отырғызу көзделуде. Оралдағы жасыл желекті күтіп ұстауға барлығы 142 млн. теңге қаралған», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Мирас Мүлкәй.

 

Соңғы жаңалықтар