Оралда 101 млн теңге пара алған мемлекеттік қызметкер сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот үкімімен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бұрынғы қызметкері Нұрболат Урналиев айыпты деп танылды, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Судья Бақыт Ермахановтың мәлім еткеніндей, Н.Урналиев алаяқтық жасап, пара алғаны және пара беруге итермелегені үшін мүлкін тәркілеумен және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтеуге сотталды.

Н.Урналиев сонымен қатар жәбірленуші Александр Прокудинге пара есебінде алған 61 млн теңгені 30 күн ішінде төлеуі тиіс.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Н.Урналиев биылғы 13 шілде күні ұсталған болатын. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаменті қызметкерлері жалған кәсіпкерлік дерегі бойынша қылмыстық істі тоқтату және одан әрі қорғаншылық жасау үшін жәбірленушіден параның соңғы бөлігі - 25 млн теңгені алып жатқан кезде қолға түсірген еді. Параның жалпы көлемі - 101 млн теңге.

Соңғы жаңалықтар