Оралда «100 жаңа есім» жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Алтай Көлгінов бүгін «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарын қабылдап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Астанада Елбасымен кездескен пианист Саида Қалықова, медбике Елена Шушлебина және «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімовті құттықтаған өңір басшысы олардың қай-қайсысынан да көпшілік үлгі алуға болатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен жүздесу барысында көз жанарынан айрылса да, музыка әлемінде биік шыңдарды бағындырған  оралдық Саида Қалықоваға игі тілегін білдірген болатын . Шындығында да бала күнінде қос жанарынан айырылғанына қарамастан, пианиноны еркін меңгерген Саида Италияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алды.

Қазіргі кезде Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының солисі С.Қалықова әкіммен кездесуде өз жоспарлары жөнінде әңгімелеп берді. Ол Тәуелсіздік мейрамына орай бірнеше концертке қатыспақшы. Сондай-ақ Еуропаның концерт залдарында да өнер көрсетуді көздейді. Оны пианист ретінде Қазақстан мен Ресей ғана емес, Италияда да жақсы біледі.

Облыс әкімі Саиданың Оралда алғаш музыкалық білім алып, Ақ Жайықтан түлеп ұшқанын айтып, алдағы жылы туған қаласында жеке концертін беруді ұсынды. Мұны С.Қалықова қабыл алды. Шын мәнісінде алғашқы концертін ол 4-сыныпта оқып жүргенде осы Орал қаласында берген болатын.

null 

Зеленов аудандық ауруханасының медбикесі қызметін атқаратын Елена Шушлебина медицина академиясына түсіп, дәрігер мамандығын меңгергісі келеді. Бұл оның қолынан келетініне күмән жоқ. Өйткені Елена биылғы 19 шілдеде Орал-Тасқала күре жолы бойында екіқабат әйелді аман-есен босандырып алған болатын. Тасқаладағы ағайын-тумаларында қонақта болып, Ақтөбеге қайтып бара жатқан 35 жасар Роза есімді келіншекті кенет толғақ қысады. Оқиға орын алған жерге жақын Зеленов ауданы орталығы Переметныйдан жедел жәрдем шақыруға тура келеді. Бұл кезде акушер-гинеколог еңбек демалысында екен. Әйелдер босанатын бөлімшеде істеген тәжірибесі бар Елена Шушлебина «Жедел жәрдеммен» бірге жетеді. Оның үстіне бала теріс келген екен. Соған қарамастан, Елена біліктілік танытып, әйелді босандырып алып, анасы мен сәбиін аудандық ауруханаға жеткізеді.

«КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің басшысы, ғалым, ҚР ҰИА академигі Ақсерік Сарыұлын батысқазақстандықтар жақсы біледі. 1993 жылы ол құрған шағын «Андас» оқу орталығы бүгінде құрамында бірнеше білім ордасы бар «КазИИТУ» ғылыми-білім кешеніне айналды. Қазақстан мен Ресейдің жетекші ЖОО-ларымен тығыз байланыс орнатқан кешенде көптеген инновациялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Кешен бұдан былай да жастарды қазіргі заманғы ілім-білім мен технология жетістіктерімен қаруландыра бермекші.

Кездесу соңында Алтай Көлгінов «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарына өз салаларында тың табыстарға қол жеткізе берулеріне тілектестігін білдірді. 

Айта кетейік, бүгін Оралда «Жомарт жүрек» атты меценаттар форумы өтуде. Оған Батыс Қазақстаннан түлеп  ұшқан 150 адам жиналды. Олардың арасында саясаткерлер, кәсіпкерлер, актерлер, жазушылар мен қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де «Туған жер» бағдарламасы аясында өздерінің кіші отанын қолдау мақсатында келді.

null 

Соңғы жаңалықтар