Орал және Ақсай қалаларында жедел басқару орталықтары салынуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал және Ақсай қалаларында жедел басқару орталықтарының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың қатысуымен өткен тұрғындармен кездесуде БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің мәлім еткеніндей, биыл осы орталықтармен бірге қосымша бейнекамералар орнату көзделуде.

Қазіргі кезде облыс аумағында 563 бейнебақылау камерасы орнатылса, соның 106-сы Оралдағы жедел басқару орталығына, 346-сы учаскелік полиция бекеттеріне, 111-і аудандық ішкі істер бөлімдеріне қосылған. 2017 жылы учаскелік полиция бекеттеріне қосылған 100 камера орнатылды.

Өткен жылы бейнебақылау жүйесінің көмегімен 88 қылмыс ашылып, 15 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Жергілікті полиция қызметкерлері 127 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықты ашса, соның 54 мыңы «мүлдем төзбеушілік» қағидаты аясында жүзеге асты. 795 млн теңге айыппұл салынды. Тұрғындардың тәртіп сақшыларына деген сенімін нығайту мақсатында 2017 жылы полиция қызметкерлері 97 мыңнан астам түрлі шақыртуларға барып, азаматтардың 7 мыңнан астам арыз-шағымын қарады.

Атқарушы органдар жергілікті полиция қызметін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуде ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, екі жылға жетпейтін уақыт ішінде ауылдық учаскелік полиция инспекторларының автопаркі толықтай жаңартылды, мұның оң жемісі де жоқ емес.

Өңірде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайып, олардың ашылу деңгейі 77 пайызға жетті. Жалпы, қылмысты ашу жөнінен БҚО республикада алдыңғы орындардың бірін иеленеді.

Айта кетейік, облыс бойынша күн сайын 800-ден астам қызметкер қоғамдық тәртіпті сақтауға шығады, соның ішінде Оралда 480 қызметкер Ұлттық ұлан жауынгерлерімен бірге (250 автокөлік) ел тыныштығын күзетеді. Өткен жылдың 20 қазанынан бері іске кіріскен атты полиция да автокөлік бара алмайтын жерлерде өз қызметінің тиімді екендігін көрсетуде. 

null 

Соңғы жаңалықтар