Орал-Тасқала жолы алдағы жылы салынып бітпекші

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолы алдағы жылы салынып бітпекші, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Марат Қуаншалиевтің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қайта салынып жатқан ұзындығы 100 шақырымды құрайтын жолдың биыл 68 шақырымы бітпекші. Биыл Орал-Тасқала жолының 4-31 км аралығындағы 27 шақырым жолы қайта салынды. Екінші санатқа лайықталып, қос жолақты болып салынып жатқан жол жабыны бұрынғыдан (ені 9 метрге дейін) кеңейтіліп, сонымен қатар мықтылығына мән берілді. Жол салу кезінде геотекстиль және қиыршытасты маститті асфальт өңірде тұңғыш рет қолданылды. Республикалық қана емес, халықаралық маңызы бар жол болғандықтан, онымен көп жүк тасымалданатыны белгілі. Егер бұрын асфальт жабыны 7 тоннаны көтерсе, енді 13 тоннаға дейінгі жүкке  шыдайтын болады.
null

Бас мердігер «Юнисерв» компаниясы жолдың жаңадан салған бөлігін екі аптадан кейін ашпақшы.

Жалпы, облыста республикалық маңызы бар 1392,55 км жол болса, соның 3 шақырымы - бірінші, 170 шақырымы - екінші, 1246,55 шақырымы үшінші санатқа жатады. Биыл осы жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 12 257,8 млн теңге бөлінген.
null

Орал-Тасқала жолы көршілес Саратов облысымен жалғастыратын болса, республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Қазталов, Қазталов-Жәнібек жолдары да үнемі назарда. Себебі оңтүстік аудандарға әлі күнге кейін қатқыл табанды жол тартылмаған болса, екіншіден, Қазталов-Жәнібек жолы арқылы Саратов, Волгоград облыстарына тіке шығуға болады. Сондықтан бұл бағыттағы жол құрылысы да тоқтамақ емес. Мысалы, биыл Қазталов-Жәнібек жолының 20 шақырымы, Чапаев-Жалпақтал-Қазталов жолының 60 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Оған қоса Чапаев-Жалпақтал-Қазталов жолының 35 шақырымына үш жылға есептелген жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Бұл жоба 2020 жылы жүзеге асырылған кезде Қазталов ауданы орталығы Қазталовқа да асфальт жол жететін болады. Сонда облыс орталығымен қатқыл табанды жол қатынасы жоқ Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары ғана қалады. 

nullnull

Соңғы жаңалықтар