Орал қаласының бюджеті 31,2 млрд. теңгеге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Орал қаласының бюджеті 31,2 млрд. теңгеге жетті, бұл өткен жылғыдан (25,7 млрд. теңге) 21,4 пайызға артық.

Бұл туралы қалалық мәслихат депутаттары алдында есеп берген шаһар басшысы Нариман Төреғалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, соның ішінде 9,9 млрд. теңгесі (32 пайызы) - республикалық бюджет трансферттері мен Ұлттық қор несиелері, бұл 2015 жылғыдан (8,6 млрд. теңге) 15 пайызға көп. Облыстық бюджеттен 5,1 млрд. теңге (5,3 пайыз) түсті, бұл былтырғыдан (1,4 млрд. теңге) төрт есе дерлік артық. Қалалық бюджет қаржысы 16,2 млрд. теңгеге жетті, бұл көрсеткіш өткен жылғыдан (15,7 млрд.) 3 пайызға жоғарылады.

Елбасы тапсырмасына сәйкес негізгі жұмыстар қаланың инфрақұрылымын дамытуға, шағын және орта бизнесті өркендетуге, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымдарын жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталуда. Соның нәтижесінде қала сәулеттене түсіп, адамдардың тұрмысы жақсаруда. Бұған бір ғана дәлел, шаһар тұрғындарының саны жыл санап өсуде. Мысалы, қазір қалада 290 мың адам тұрады, бұл өткен жылғыдан 2,3 пайызға көп немесе бүкіл облыс халқының 45,5 пайызын құрайды. Соңғы бес жылда Орал тұрғындарының саны 31 мыңға өсті. Халықтың табиғи өсімі 1267 адамға жетіп, бұл өткен жылғыдан 22 пайызға асып түсті.

Биылғы сегіз айда 77,2 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді, бұл өткен жылғыдан 2 пайызға кем. Сондай-ақ негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 25,2 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғымен (26,6 млрд. теңге) салыстырғанда, 94,7 пайыз. Бұл ретте жергілікті бюджет есебінен келген қаржы 2,9 млрд. теңгені (өткен жылы осы мерзімде - 2,7 млрд. теңге) құрап, 2,8 пайызға көбейді. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 3,4 млрд. теңгеге 30 нысан салынды, бұл былтырғыдан 48 пайызға артық (2,3 млрд. теңгеге 47 нысан).

Сол секілді шағын және орта бизнес нысандары 42,4 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті (өсім - 3 пайыз). Олардан түскен салық көлемі 14,6 млрд. теңгеге жетті, бұл 2015 жылғыдан 23 пайызға артық.

Биыл мемлекеттік бағдарламалардың барлық бағыттары бойынша қалада 20 үй (2498 пәтер) салынуда, соның жетеуі 2017 жылы аяқталады. 2016 жылы 10 млрд. теңгеге жалпы алаңы 82 мың шаршы метр 13 үй (1427 пәтер) пайдалануға берілмек, бұл рекордтық көрсеткіш болып табылады. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 9 үй (1004 пәтер) салынып бітпекші. Бұл 5 мыңнан астам тұрғынның үймен қамтылуына мүмкіндік береді.

Ерекше назардағы саланың бірі - білім. Бұл салаға биыл 13,4 млрд. теңге бағытталды, бұл өткен жылғыдан (10,3 млрд. теңге) 30 пайызға көп.

Қаладағы білім беру ұйымдарының саны 150-ден асып, соңғы бес жылда 3 мектеп, 4 балабақша іске қосылғанымен, бұл да аздық етуде. Халықтың жиі қоныстанып, салынған тұрғын үйлердің көбеюіне байланысты Деркөл, Зашаған кенттерінде, қаланың солтүстік-шығыс және орталық бөліктерінде жаңа мектептер ашу қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар бұрыннан бар білім нысандарын жөндеуге де баса көңіл бөлінуде. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес, №36 және №39 орта мектептерді күрделі жөндеуге 294 млн. теңге жұмсалды. Бұдан басқа, Ұлттық қор қаржысы есебінен №33 «Орленок» балабақшасы күрделі жөнделуде. №20 балабақшаны ағымдағы жөндеу мен Деркөл кентіндегі №32 «Колокольчик» балабақшасын күрделі жөндеу басталды. Сондай-ақ шетелдік инвестиция есебінен 378 млн. теңгеге №2 орта мектепті күрделі жөндеу мәреге таялды.

«Қала жолдарын жөндеу де назарда. Биыл жалпы ұзындығы 23 км 19 көшені жөндеуге байланысты 2,7 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылуда. Осы орайда тротуар жолдарын салуға көңіл бөлмекшіміз. Қазіргі кезде 300 км тротуар салу керек, мұның құны шамамен 3 млрд. теңгеден асады. Қала тұрғындарына қолайлы болу үшін барлық әлеуметтік нысандарға барар жолдарды реттеу қажет. Осындай 150-дей нысан болса, соның 30 пайызға жуығының кіреберіс жолдарын жөндеу керек. Мұның құны - шамамен 250 млн. теңге. Оған қоса абаттандыру жұмыстары жалғасады. Мысалы, алдағы жылы 40 аула аумағын көркейту және 30 балалар спорт алаңын салу көзделуде», - деді Н.Төреғалиев.

Соңғы жаңалықтар