Орал қаласының әкімі сенатор болып сайланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысынан Сенат депутатын сайлау үшін облыстық мәслихат залында депутаттардың бірлескен отырысы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Отырысқа өңірдегі 198 депутаттың 194-і қатысып, олар түгелдей дауыс берді.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов дауыс беру қорытындысын жария етті. Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Нұржан Сертековке 38, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке 156 депутат жақтап, дауыс берді.

Нариман Төреғалиев халық атынан қолдау білдіріп, сенім көрсеткені үшін депутаттарға ризашылығын білдірді.

Сайлауға барлығы жеті халықаралық байқаушы, үміткерлердің сенім білдірген өкілдері қатысып, өту барысын бақылап отырды.

«Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жөнінен облыстық сайлау комиссиясы көп жұмыс тындырды. Әрине, Ресеймен салыстырғанда, Қазақстандағы сайлаудың өз ерекшелігі бар. Дегенмен үлкен айырмашылық жоқ. Бұл - менің сіздің елдегі сайлауға халықаралық байқаушы ретінде бірінші қатысуым. Бұған дейін Арменияда өткен сайлауды бақыладық. Ондағыға қарағанда, мұнда тәртіп жақсы болды, шаралардың бәрі дәл де уақтылы өткізілді», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне көршілес Самара облысынан келген халықаралық байқаушы Валерий Князькин.

Айта кетейік, тағы бір үміткер, «Автокомбинат» ЖШС директоры Валерий Голоухов өз өтінішіне және отбасы жағдайына байланысты кандидатурасын алып тастады. 

Соңғы жаңалықтар