Орал қаласында бес бірдей жер телімі аукционға қойылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында бес бірдей жер телімі аукционға қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық жер қатынастары бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы үшін жер телімдерін жалдау құқығын сату бойынша аукцион 31 қаңтарда өтпекші. Ағылшындық әдіспен өтетін аукционға қаланың өзінен үш, сондай-ақ Зачаган мен Круглоозерный кенттерінен бір-бірден жер телімі шығарылып отыр.

Бөлім басшысы Арман Бисембалиевтің айтуынша, 2017 жылы осындай екі аукцион ұйымдастырылған болатын. Мамыр айында өткен аукционға сегіз жер телімі (төртеуі Круглоозерныйдан, жартысы Деркөлден) қойылып, 15 адам қатысты. Аукционнан 5,2 млн теңге түсті. Күні бүгін бір кәсіпкер өзінің жер телімінде дүкен салып үлгерсе, қалғандары да жұмыстануда.

Желтоқсан айында өткен аукцион оған қатысушылардың көбейе түскендігін көрсетті. Бес жер телімінің төртеуі бойынша 29 адам өтініш білдіріп, соның 21-і бақ сынады. Бұл жер телімдерінің құны 20,430 млн теңгеге жетті. Соның ішінде бір жер телімін оралдық кәсіпкер 16 млн теңгеге сатып алды. Бір лот бойынша жалғыз адам түскендіктен, ол өтпеген болып саналды.

Еске сала кетейік, егер сатып алушылар жер телімін үш жыл мақсатты түрде пайдаланбаған жағдайда ҚР Жер кодексінің 92 және 94-баптарына сәйкес кері қайтарылады. Жалға алу құқығының үш жылдық мерзімі біткен соң кәсіпкер жер телімінің кадастрлық құнын қоса төлеп, өз меншігіне аудара алады. 

Соңғы жаңалықтар